Украина президенті Владимир Зеленский санкция салған екінші қазақстандық компания жағдайды түсіндіріп берді. «ИТС-Астана» ЖШС басшысының айтуынша, компания үлесін алғандардың қатарында резидент еместер болуы мүмкін.
Бәлкім, құрылтайшылар қатарында ресейліктер бар шығар. Ал негізгі «ИТС» бас кеңсесі әлдеқашан санкцияға түскен. Бізді де соның ізімен ала кеткен сияқты. Сондықтан мұндай жағдайдың боларынан қауіптенгенімізбен, ондайды күтпеген едік, – дейді компания директоры Надежда Гапотина.
Оның сөзінше, «ИТС-Астана» ЖШС ресейлік «ИТС» компаниялар тобына құжат бойынша еш тәуелді емес. Өз алдына бөлек, жеке компания. Бірақ 20 жылдай уақыттан бері солардың дәнекерлеу құрылғыларын әкелумен айналысады.
Енді санкция жағдайына байланысты мемлекеттік органдармен өзара ақылдасатындарын айтады. Директордың сөзінше, компания өз атын ақтап алу үшін шағым түсіруге де оқталып отыр. Бірақ ол жағы әлі нақты келісілмеген.
Ол тізімге кірмеуіміз керек еді. Өйткені бізде бәрі ойдағыдай, салығымызды төлеп отырмыз. Ешкімді немесе ешқандай тарапты қолдамаймыз. Тек өз жұмысымызды жақсы атқарып, кәсіпорындарға сапалы дәнекерлеу құрылғыларын жеткіземіз. Сондықтан біздің сол тізімге кіргеніміз әділетсіз деп ойлаймын, – дейді ол.
Айта кетейік, компания сайтындағы мәлімет бойынша, «ИТС-Astana» елімізде дәнекерлеу жабдықтарын, құрамдас бөліктерін, сондай-ақ қосалқы бөлшектерінің негізгі жеткізушісі. Ол ресейлік «ИТС» компаниялар тобына кіреді.
Ербол ТҰРЫМОВ