Кеше АҚШ Үкіметі Қырғыз Республикасына ЕАЭО аясында Ресейге тыйым салынған тауарлар мен техникалық өнімдерді, соның ішінде чиптерді жеткізгені үшін экономикалық санкция салатынын хабарлады.
Бұл туралы The Washington Post басылымына Джо Байден әкімшілігінің жоспарымен таныс америкалық шенеуніктер айтқан көрінеді. Олар Ақ үй әкімшілігінің осы аптада тиісті шараларды қолға алуы мүмкін екенін ескертіпті. Ал апта әлі біткен жоқ. Бүгін – бейсенбі. Енді Қырғызстан экономикасына санкцияның салынатын-салынбайтынын осы аптаның соңында біле жатармыз. Ал әзірше сарапшылар Алатаудың арғы жағындағы айырқалпақты ағайынның экономикасына санкцияның аздап салынуы мүмкін екенін айтады.
Бүгін осы мәселеге байланысты белгілі сарапшы Айбар Олжай да пікір білдірді. Енді оқырман назарына соны беруді жөн көріп отырмыз.
The Washington Post басылымы АҚШ әкімшілігінің Қырғызстанға суверенды санкция салу мүмкіндігі туралы жазды. Осы мәселеге қатысты Қырғызстан билігі де өз жауабын берді. Қырғыз билігі бірден экспортты ағындарды мұқият тексеретінін айтып, ақтала бастады. Бұған дейін Қырғызстанның бір компаниясы санкцияға іліксе, енді 14 дронның ұсталуы Америка Құрама Штаттарын ашуландырды деп айтуға болады. Жалпы, нақты әскери мақсатқа арналған тауар тасу өте қауіпті. Солай бола тұрса да, Қырғызстандағы сыбайлас топтар Ресейге Қытайда өндірілген оптика және дрон тасуды тоқтатпай келген еді, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Бішкек мәселені тура сол қалпында түсініп отыр. АҚШ пен Еуропа және басқа да Батыспен бір көзқарастағы елдер Қырғызстанның қаржылық жүйесін әп-сәтте талқандай алады. Банктер Swift жүйесінен өшіріп, шеттегі қырғыз капиталына ПОД/ФТ кірпіші қойылса, Қырғызстанның ішкі нарығында байбалам басталып, долларға деген сұраныс күрт артады. Сервистік, тігін кластеріндегі инвесторлар кете бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда Қырғыз Республикасы Орталық банкінің сом бағамын ұстап тұратын қауқары күмәнді. Егер жалпыұлттық валюталық дүрбелең басталса, 2,3 млрд долларға бағаланып отырған Орталық банк резерві жетпейді. Сом құлдырайды.
Ең қауіптісі – осы тұс, – деді ол одан әрі, – Қырғызстанның экономикалық құрылымы таза импортқа негізделген. Егер сом құласа, елдегі барлық тауарлар қымбаттайды. Кросс-курс арқылы жанармай бағасы өседі. Қырғызстан үміт күтіп отырған тігін кластері тұралап қалады. Әлеуметтік наразылықтар басталып, екі президенттің елден қашуына әкеп соққан көтерілістер тағы да болуы мүмкін.
Оның айтуынша, Қырғызстанды АҚШ қана емес, Ресей де жазалай алады. Ол Кремльдің мырза көңіліне байланысты. Ресей «Не бүк, не шік бол» деген ұстанымда болса, Бішкектің қиналары анық. Қырғызстан АҚШ-тың көңілін табамын деп жүріп, Ресейді ренжітіп қойса, онда экономикада энергетикалық дағдарыс пен жұмыссыздық басталады.
Осы жерде сарапшы Қырғызстанның Ресейдегі мигранттары туралы да әңгіме қозғап, олар РФ-да жұмысын тоқтатса, өз елдеріне ақша аударуда қиын жағдайға түсетінін атап өтті.
Басты фактор – мигранттар. Қырғызстандағы халықаралық резерв 2,3 млрд доллар болса, 2022 жылы сырттан мигранттар аударған қаржы 2,8 млрд долларға жеткен. Оның 2 млрд долларға пара-пар ақшасы рубль түрінде Ресейден аударылған. Ресей ақша аударымдарын тоқтатып тастап, мигранттарға қысым көрсетсе, Қырғызстанның сыртқы төлем балансына ауыр тиеді. Ол фактор сом бағамын құлдырата алады.
Сондай-ақ ол Қырғызстанның Ресейдің негізгі сауда әріптесі болып отырғанын, бұл елден Ресейге мыс, автокөліктер мен бөлшектер, трикотаж бен жеміс-жидек жөнелтетінін де ескертті.
2022 жылы Қырғызстан Ресейге 963 млн долларға тауар экспорттады. Ресей экспортты шектей бастаса, бюджет табысы азайып кетеді, – деді Айбар Олжай.
Дегенмен қазіргі жағдайға қарап отырып, Вашингтонның Бішкекті үркіткенін, бірақ бүкіл елге жалпы санкция салуға бара қоймайтынын топшылауға болады. Ұжымдық Батыс Ресейдің маңындағы Орталық Азия елдері санкцияға ұшыраса, олардың Ресей мен Қытайға толық байлануынан басқа жолы қалмайтынын түсініп отыр.
Бұл – олар үшін нашар сценарий, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, Қырғызстанның Батыс елдерімен атап айтарлықтай сауда байланысы жоқ. Тек гранттық көмектерін пайдаланып келді. Таза макро тұрғыдан алсақ, Батыс тек Swift арқылы ғана қорқыта алады.
Бішкектегі жағдайдың ушығуы Қазақстанға да кері әсер беретіні сөзсіз. Тұрақсыздық күшейеді. Біздің көрші елдегі инвестицияларымызға қауіп төнеді. Ал Қырғызстанның банк жүйесінде Қазақстанның Оптима банкі мен Halyq bank жұмыс істейді. Олардың даму жобалары кері кетеді.