Сурет ашық дереккөзден
Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды аяусыздықпен өлтірген адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.
«ҚҚ ҚК-нің 99 бабы 3 тармағы, 121 бабы 4 тармағы бойынша күдіктіні өмірбақи бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарамын» – деді Түркістан облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.
Otyrar.kz сайтының мәліметінше, сотталушы химиялық кастрация мен мәжбүрлеп емдеу шарасына тартылады. Жәбірленушілердің талабы бойынша 100 млн теңге көлемінде моральды шығын өтелетін болды. Қаза тапқан қыздың ата-анасының барлық талап-арызы орындалды.
Жәбірленуші тараптың заңгерінің айтуынша, жарыссөзде прокурор өмірбақи бас бостандығынан айыру және кастрация жасауды сұраған.
Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 13 шілде күні Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылында болған еді.