Фото: t.me/aqorda_resmi
Қазақстан электронды коммерцияны дамытуға айрықша мән береді
Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоны қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Alibaba, Wildberries, OZON және JDcom секілді ірі маркетплейстер жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қазақстан 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Әңгімелесу барысында президентке Қытайдың тез жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірі біздің нарыққа келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды көздеп отырғаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл уағдаластық «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою аясында бекітіледі.
Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Сіздің компанияңызбен өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін зор мүмкіндігіміз бар. Бүгінде электронды коммерция – экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан салаларының бірі. Әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 7 триллион доллар қаржысы осы саладан құралады. Қазақстан электронды коммерцияны дамытуға айрықша мән береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Йу Хуэй Дзяо мемлекет басшысына компанияның Қазақстандағы негізгі жобасы туралы баяндады. Атап айтқанда, кәсіпорын еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатына жататын жоғарытехнологиялық мультимодальды орталықтар салуды жоспарлап отыр. Мұндай инфрақұрылым тауарды жедел өңдеп, оны Еуропа Одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдеріне шығаруға оңтайлы жағдай жасайды. Ал интеллектуалды IT-шешімдерді енгізу логистика процесін толықтай автоматтандыруға мүмкіндік беріп, электронды коммерция тауарларының кеденнен жылдам өтуін қамтамасыз етеді.