Жалған адвокат Шымкент тұрғынының 7 млн теңгесін алып кетті, деп хабарлайды Kazinform.
Шымкентте жалған адвокат өз қызметін 7 миллион теңгеге бағалаған. Оған сенген азаматша ақысын толық төлеп, есесіне ешқандай заң көмегін алмаған. Ал қомақты қаржыны иеленген алаяқ байланысқа шығуды түбегейлі тоқтатқан.
Жедел уәкілдер іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
«Жергілікті тұрғынның арызына сәйкес алаяқтық фактісін тіркеу, тергеу амалдары жүргізілді. «Өзін адвокат ретінде таныстырып, бұрынғы күйеуінен баланы асырауға алимент өндіріп беремін» деп уәде еткен ер адам ұсталды. Тәртіп сақшылары мұндай қылмыстардың құрбаны болмас үшін бейтаныс адамдарға сенбеуді және ақша бермеуді ескертеді» – делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.