Видеодан алынған кадр
Апат кезінде ауа райының қолайсыздығынан жағдай одан әрі қиындаған
Түркістан облысында тағы бір жол апаты бірден үш адамның өмірін қиды, тағы он адам зардап шекті, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол апаты Шаян – Екпінді тас жолында болған. Бұл жолды жергілікті тұрғындар өте тар болғандықтан қауіпті деп есептейді. Апат кезінде ауа райының қолайсыздығынан жағдай одан әрі қиындаған. Қалың қар жауып, ауа температурасы күрт өзгергеннен кейін трасса көктайғақ болған.
Үш адам оқиға орнында көз жұмды, екеуі хирургия бөлімінде жатыр, дәрігерлер жансақтауда тағы екі адамның өмірі үшін күресіп жатыр. Әсіресе, ауыр халде жатқан 19 жастағы жігіттің жарақаты алаңдатып отыр. Қалған зардап шеккендер медициналық көмек көрсетілген соң үйіне шығарылды.
“Қазіргі таңда аталған факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр”, – деді Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ерлан Асқаров.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол ережесін сақтап, жолда сақ болуға шақырады.