– Түркістан облысында лицензиялау нормаларын бұзған 58 мектептің лицензиясы уақытша тоқтатылып, 9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов мәлімдеді.
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде 58 мемлекеттік мектепте лицензиялау нормалары бұзылғандығы анықталды. Атап айтар болсақ, 400-ден астам педагог біліктілігін арттырмаған. Жұмыс оқу жоспары сәйкес емес, медициналық кабинеттер лицензияланбаған, асхана санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет атқарған, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін акт/хат жоқ, физика, химия, биология кабинеттері жоқ, edu.kz аймағында үшінші деңгейдегі домендік атауы алынбаған, ауызсу бұрқақтары қарастырылмаған, «Ұлттық білім беру дерекқоры» ақпараттық жүйесіне (НОБД) сәйкес емес, ерекше білім беруді қажет ететін адамдар (балалар) үшін жағдай жасалмаған.
Департамент мектептердің білім беру қызметімен айналысатын лицензиясын уақытша тоқтатып, 9 миллион теңгеден астам айыппұл салды.
«Мектеп басшыларына нұсқама берілді. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер, лицензиялау нормаларын бұзушылықтарды жоймаған жағдайда мектеп лицензиядан айырылатын болады» – деді Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов.