Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Айзада Амангелдіқызы Құрманова мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Айзада Амангелдіқызы Құрманова мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметіне тағайындалды, – делінген хабарламада.
Айзада Амангелдіқызы Құрманова 1970 жылы Павлодар облысында туған. Павлодар педагогикалық институты мен Инновациялық Еуразия университетінде оқыған.
Еңбек жолын 1992 жылы Павлодар облысы Май ауданы орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдары оқу бөлімінің меңгерушісі, орта мектептің директоры болып жұмыс істеген.
2002-2007 жылдары – Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы, 2007-2009 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары, 2009-2011 жылдары Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болды.
2011-2014 жылдары Павлодар облысы Лебяжі ауданының әкімі, 2014-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2016-2020 жылдары VI сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болып қызмет атқарды.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.