Қазіргі алмағайып тұста медиа кеңістіктегі ақпараттың бұрмалануы, фейк, манипуляциялық деректердің жиі көрініс табуы журналистің міндетін, қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейте түсті. Әрі кәсіби журналистика түрлі киберқылмыс, өшпенділік сипаттағы деректердің кең етек алуынан, цифрлық технология есебінен кедергілерге ұшырап отыр.
Әсіресе төтенше жағдай тұсында журналистің өмірі қыл үстінде болады. Осы тұста құжат аясында әр жұмыс орны әлемдік жетекші БАҚ тәжірибесіне сай қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндеттелгені құптарлық іс.
Сондай-ақ құжат негізінде енді мемлекеттік емес БАҚ құралдарына гранттар беру, БАҚ-тағы материалдарға талап қою мерзімі, БАҚ сұрауларының бес күннен жеті күнге дейін қарау тәртібі, журналистердің Әдеп кодексін бекіту туралы өткір мәселелер өз шешімін табады. Оған қоса суицид жасау тәсілдері, суицидке шақыру туралы ақпарат таратуға тыйым салынады. Шетелдік БАҚ-тың өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі де жетілдірілді.
Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55, 2027 жылдан бастап теле-радибағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту көзделген. Сәйкесінше, отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20-дан 10 пайызға дейін төмендетілді.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты, журналист