– Мәжілісте журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының биылғы иегерлері мен арнаулы аталым жеңімпаздары марапатталды.
Биыл жеті номинация бойынша 17 адам үздік деп танылды. Сыйлықты жеңімпаздарға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тапсырды.
Ол әуелі сыйлық жеңімпаздары мен барша БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Соңғы жылдары журналистердің қызметін, сөз бостандығын қамтамасыз ету жолында көп шаруа атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының негізгі өзегі де сол. Соның бірден-бір көрінісі – осы Мәжіліс алаңы. Бүгінгі таңда БАҚ – бұл ақпаратты халыққа жеткізудің ең маңызды, объективті және жедел арнасы. Ал журналистер қауымын депутаттардың елді дамыту жолындағы нағыз одақтастары деуге болады, – деді Палата спикері.
Ерлан Қошанов Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген «Масс-медиа туралы» жаңа заңды депутаттар журналистермен бірге жазғанын және олардың көптеген ұсыныс-пікірін ескергенін атап өтті.
Жаңа заң бұқаралық ақпарат құралдарының мүдделерін қорғайды және отандық медиа саласын жетілдіруге мол мүмкіндік береді. Оның жұмысына журналистер арасынан шыққан ең белсенді депутаттар қатысты. Олар әрқашан өз әріптестерімен байланыста және Мәжілістің ашықтығы үшін көп жұмыс істейді.
Айта кету керек, 7 аталымның марапатын иеленгендер арасында «Қазақпарат» агенттігінің фототілшісі, 72 жастағы әріптесіміз Виктор Федюнин де бар. Ал Jibek Joly телеарнасы «Парламент сөзі» арнайы сыйлығына ие болды.
Сонымен, «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясымен «Түркістан» газетінің бас редакторы Бабажанұлы Бауыржан, «Юридическая газета» басылымының тілшісі Сактаганова Линара Борыевна марапаталды.
«Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясы бойынша «Хабар» телеарнасының тілшісі Бржанова Алина Рашитовна, «Almaty» телерадиокомпаниясының журналисі Ануарбек Өмір Серікбекұлы, «Еуразия» бірінші арнасы» телеарнасының тілшісі Қайнетден Жанел Кенжебекқызы үздік деп танылды.
«Үздік бейне-сурет материалы үшін» номинациясы «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің фототілшісі Федюнин Виктор Владимировичке, «МИР» телеарнасының телеоператоры Кураков Марат Кубайдулловичке табысталды.
«Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясын «BAQ.KZ» ақпарат агенттігінің тілшісі Раманқұлова Гүлжан Әбдікәрімқызы, «NS» радиосынан Бегимбетов Ербол Мейрханұлы, «BES.media» желілік басылымының журналисі Байманов Дамир Асқарұлы алды.
«Арнайы репортаж» номинациясы бойынша «24.kz» телеарнасы «Мәжіліс live» бағдарламасының жүргізушісі Шолгина Анна Александровна, «Abai.live» Youtube арнасының жүргізуші-редакторы Тленшиев Абай Сейфуллаұлы, «Zakon.kz» сайтының тілшісі Губенко Андрей Олегович марапатталды.
«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында «Qazaqstan» Ұлттық арнасы «Apta» бағдарламасының жетекшісі Жаксылықова Жайна Сламбекқызы мен «Время» газетінің бас рекдакторы Тараков Лев Юрьевич жеңіске жетті.
Сондай-ақ «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы номинациясы «Tengrinews.kz» желілік басылымы мен «Jibek joly» телеарнасының ұжымына табысталды.