— Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін әйелдер боксынан Назым Қызайбай қола жүлдегер атанды. Спортшыларымызға қолдау көрсетіп, Парижде жүрген ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев кезекті қоладан кейінгі әсерімен бөлісті.
«Қазақстандық боксшыны рингте көрсеткен тамаша жекпе-жегімен және Олимпия ойындарының қола жүлдесімен шын жүректен құттықтаймын! Жекпе-жекте төрешілер Назымның қолын көтермесе де, отандасымыз шаршы алаңда жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Рингте өз шеберлігін, жеңіске деген ерік-жігерін көрсете білді. Қазақстан бокс әлеміндегі ең үздік құрамалардың бірі екенін дәлелдеді. Бұл жүлдеде жаттықтырушылардың да еңбегі зор. Осылайша, Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толығып отыр. Біз спортшыларымызбен мақтанамыз. Тек алға!», — деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, бүгін әйелдер боксынан 50 келі салмақта Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының жартылай финалында қытайлық У Юдан жеңіліп, қола медальға иелік етті.
Әзірге ел қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль бар.