Елордада оқу жылының басында 187 мектеп бар, онда 282 150 оқушы оқиды. Оның ішінде 110 мектеп – мемлекеттік (233 006 бала), 70 мектеп – жеке (42 674 бала) және 7-еуі – республикалық (6 470 бала). Бұл туралы 2024 жылдың тамыз айындағы педагогтар форумында белгілі болды.
Жаңа 2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныбына 28 мың бала қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 24 100 бала қабылданды.
Елорданың білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев өткен оқу жылының соңында қалада 8 үш ауысымды және 16 тығыздалған мектеп жұмыс істегенін атап өтті. Мектептердегі тапшылық 27 800 мың оқушы орнын құрады. Осы мәселені шешу үшін биыл екі ауысымда 100 мыңға жуық оқушы орнына 32 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 20-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланған.
Қыркүйек айында бір ауысымда 15 850 мың орынға арналған 12 мектеп (3 – БИП, 8 – жайлы мектеп, 1 – жекеменшік мектеп) пайдалануға беріледі. Желтоқсан айында бір ауысымда 14 440 мың орындық 9 мектеп (7 – жайлы мектеп, 2 – жекеменшік мектеп) қосымша пайдалануға беріледі.
Осылайша, биыл жыл соңына дейін үш ауысымда оқитын 6 мектептің, бала саны шамадан тыс 9 мектептің мәселесі шешілді. Ал үш ауысымда оқитын 2 мектептің және бала саны шамадан тыс 7 мектептің орын тапшылығы мәселесі 2025 жылы шешіледі.
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың орындық (2024-2025 жж.) 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл (6 мектеп) және Нұра (9 мектеп) аудандарында орналасады.
«2024 жылға барлығы 33 білім беру нысанында жөндеу жұмысы жүргізілді. Оның ішінде 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, 31 мектепке ағымдағы жөндеу жұмытары жасалды. Бүгінгі таңда 25 білім мекемесінде барлық жұмыстар аяқталды қалған 8 мекеме жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады», – деді Қасымхан Сенғазыев.