Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова балалардың психикасына теріс әсер етіп отырған әлеуметтік желілерге мемлекет тарапынан бақылауды күшейтіп, заң бұзғандарын бұғаттау керек екенін айтады. Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.
Депутат соңғы күндері балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері көбейгеніне алаңдап отыр.
«Бұл жантүршігерлік қайғылы жағдайлар ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Айдың-күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан өрендерімізден айырылдық. Өмірден қыршын кеткен марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Иә, ресми тергеу басталды. Бірақ қазірдің өзінде мұның бәрі нақты орындаушысы бар қылмыс, кісі өлтіру деп айтуға болады. Айуандықпен қылмыс жасағандарды, яғни арандатушыларды анықтап, заңды түрде жазаға тартуды құқық қорғау органдары қажет болса халықаралық іздеу жариялап, орындайды деп үміттенемін», – деп жазды депутат.
Оның айтуынша, осы қылмыстарды іске асыруға жағдай туғызып отырған әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Олар санасы әлі қатпаған жеткіншектердің психикасына теріс әсер ететін құралға айналып отыр.
«Ең сорақысы сол, бұл ойындар мен квесттер психологиялық тұрғыдан айтқанға көндіру дағдыларын қолдана отырып, кәсіби түрде жасалуда. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің дамуы және гаджеттердің кең таралуымен мұндай ойындар елімізде жаппай сипатқа ие болып отыр. Бірде-бір отбасы бұдан өзін сақтандыра алмайды. Мемлекет тарапынан заң деңгейінде буллинг, өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеу сияқты әрекеттерге қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бірақ қазіргі жағдай мұның жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан, әрбір ата-ана осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, балаларымен көбірек сөйлесуі керек», – деп санайды депутат.
Сүлейменова жауапты министрлікке мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмыс алгоритмдерін өзгертуді ұсынды. Психологиялық қызмет балалардың мінез-құлқындағы және жүріс-тұрысындағы белгілерді уақтылы анықтауда тиімді құрал болуы керек.
«Бірақ, ең бастысы, мұны мен ұстаз ретінде, ана ретінде, депутат ретінде айтамын – мемлекет пен қоғам әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілерінен таралып жатқан ақпаратқа бақылауды күшейтуін талап етуі керек деп санаймын. Таралып жатқан заңсыз, зиянды, бүлдіршіндердің санасын улайтын жүктемелерге бақылауды оқыс күшейтуді қатаң талап ету керек. Олар «меморганнан құқықтық тұрғыдан негізделген талап-арыз күтіп отырмыз» деп сылтауратпай, қауіпті контенттің таралуына жол бермеу үшін өздерінің жұмыс алгоритмдерін өзгертуі тиіс. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, шындап келгенде бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлер иелерінің қолынан келетін шаруа», – дейді халық қалаулысы.
Егер мұндай талап орындалмаса, онда мемлекет бақылауды күшейтсін. Барлық қауіпті контентке қатаң тосқауыл қойылсын. Ал жекелеген контентке тосқауыл қоюға қол жеткізу мүмкін болмайтын болса, онда нақты заң бұзған әлеуметтік желі немесе мессенджер бұғатталуы керек, деген ұсыныс тастады Сүлейменова.
«Біздің балаларымыздың өміріне қауіп төніп тұрғанда ешқандай мәймөңкеге жол беруге болмайды. Мен мұны ана ретінде, педагог ретінде айтып отырмын. Барлық ата-ана мен педагогикалық қауымдастық мені толықтай қолдайды деп білемін. Тағы да қайталап айтамын, бұл мәселеде жайбасарлыққа жол беруге болмайды, дереу іске кірісу керек!», – дейді Жұлдыз Сүлейменова.