Таразда «Архив ісі және құжаттама саласындағы заңнама мен нормативтік құқықтық актілердің нормаларын түсіндіру» тақырыбында өңірлік семинар өтті.Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Өңірлердегі архив мамандарының біліктілігін арттыру және архив саласындағы өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өткен екі күндік іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинарға Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының жергілікті атқарушы органдарының, мемлекеттік архивтерінің басшылары мен мамандары, сондай-ақ ведомстволық архив мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшылары архив саласындағы нормативтік-құқықтық актілер туралы баяндады.
Семинарда архив ісін басқару, құжаттарды сақтау және цифрландыру, істер номенклатурасын қалыптастыру талаптары талқыланып, Жамбыл облысы мемлекеттік архивінде өзара тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.
Семинар аясында архив құжаттары негізінде дайындалған көрме таныстырылды. Көрмеге облыстың әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуына еңбегі сіңген азаматтардың архив қорындағы жеке тектік құжат көшірмелері мен жергілікті басылымдардың фототілшілерінің 50-ге жуық фотосуреті қойылды.