Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Аймақ жаңалықтарыБасты жаңалықтарДенсаулықЖаңалықтар

Ақтөбеде 10 науқасқа күрделі операция сәтті жасалды

30 жыл бойы эпилепсиямен күрескен науқас, инсульттен кейін денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған зейнеткер және қан тамырына стент орнатуды қажет еткен әйел. Бұл – Ақтөбеде жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмек алған науқастардың оқиғасы. Екі күн ішінде дәрігерлер осындай 10 адамға күрделі операция жасады.

20–21 қараша күндері Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасында Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығы мамандарының қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Оның аясында өңірде алғаш рет эпилепсияны емдеуге арналған кезбе жүйкені нейростимуляциялау операциясы орындалды.

Науқастың бауыры Нұрлыбек Хасановтың айтуынша, эпилепсиямен ауыратын ағасы ағасы 30 жылдан бері дәрі-дәрмекпен емдеп келген. Мамандар нейростимулятор орнатуды ұсынған. Екі сағатқа созылған операция сәтті өтіп, қазір науқастың жағдайы жақсы.

Ал Ырза Жұмағалиева қан тамырына стент орнату операциясынан өтті. Ол адам жанына араша болған дәрігерлерге алғысын жеткізді.

«Нейрохирургия бөлімінің медицина қызметкерлері өте жылы жүзді. Күніне екі рет жағдайымызды сұрап, денсаулығымызды бақылап, дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдауымызды қадағалайды. Тамақтануы да, күтімі де көңілімнен шықты. Басында операциядан қорқып, түнімен ұйықтай алмадым. Қазір бәрі сәтті өткеніне қуанамын. Дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз!», — деді ол.

Шеберлік сабағы аясында операция жасалғандардың қатарында зейнеткер ұстаз, Семей полигонының ардагері Әбдірахман Асанғали да бар. Ол 2021 жылы инсульт алған. Кейін жиі бас ауруы мен көзінің қарауытуына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Операциядан кейін жағдайы жақсарған.

Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Руслан Қажығалиевтің айтуынша, екі күн ішінде жасалған 10 операцияның барлығы сәтті аяқталған.

Мамандардың қатысуымен өткен бұл жұмыс өңірде күрделі нейрохирургиялық көмектің жаңа мүмкіндіктерін ашты. 2027 жылы эпилептолог дәрігерін даярлау және тағы бес науқасқа нейростимулятор имплантациялау жоспарланып отыр. Операциялар МӘМС аясында тегін жүргізілмек.

Ұқсас жаңалықтар

Креативті индустрияны дамыту қорын құру жоспарланып отыр

altyalash_kz

Елорда емханаларында Ашық есік күні өтеді

altyalash_kz

Арман Қырықбаев онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты негізгі заңнамалық түзетулерді таныстырды

altyalash_kz