6 қараша күні Ақтауда алғаш рет кәсіби бокс кеші өтеді. Бекзад Нұрдәулетов және Мейірім Нұрсұлтановтың шаршы алаңға шығуы басты кездесу болады, – деп хабарлайды Altyalash.kz сайты.
Кәсіби бокс кеші «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді. Онда 7 кездесу болады.
«79,3 келі салмақта Бекзад Нұрдәулетовтың қарсыласы өзбекстандық Фаррух Джураев болады. Қазіргі таңда ол Санкт-Петербург қаласында жаттығуда. Кәсіби рингте 11 кездесу өткізіп, алтауында жеңіске жеткен. Әлемдік рейтингте 150 орында тұр. Ал Мейірім Нұрсұлтанов Беларусь Республикасының боксшысы Дмитрий Атроховпен кездеседі. Ол кәсіби рингте 27 кездесу өткізген. 16 кездесуде жеңіске жеткен. Әлемдік рингте 264 орында тұр. 2017 жылы Дмитрий әлемнің үздік 100 боксшысы қатарына кірген. Алдағы уақытта спортшыларымызға сәттілік тілейміз», – деді «ADAL Promotions» промоутерлік компаниясының директоры Рүстем Егеубеков.
Сонымен қатар +90,7 келі салмақта Айболды Дәуренұлы мен Нұрсұлтан Байниязов, 66,6 келі салмақта Әл-Мұхаммед Махмут пен Қыдырәлі Мұрат, 76,2 келі салмақта Жеңіс Нұрас пен Жақсылық Өтешкен сынға түседі. Сондай-ақ 53,5 келі салмақта Самат Жетібаев пен Рахат Махамбетсаилов кездессе, 58,9 келі салмақта Жолдас Жеңісов пен Нұрғиса Айбек шыршы алаңға шығады.
Жақында Бекзад Нұрдәулетов пен Мейірім Нұрсұлтанов «ADAL Promotions» промоутерлік компаниясымен үш жылға келісімшартқа отырды.
««ADAL Promotions» промоутерлік компаниясының амбициясы жоғары. Себебі алға қойған мақсаттары өте көп. Қазақстаннан бөлек шет мемлекеттерге шығып, дайындық өткізіп, жарыстар ұйымдастырамыз деген ойдамыз. Маңғыстау халқы боксты жанымен сүйеді, әрдайым қолдау білдіреді. Осы ретте келесі айда бокс жанкүйерлерін осы жолы қуантып, тартысты жекпе-жек өткіземіз. Алда белбеулерді алып, елді қуанту жоспарда бар. Сол жоспарға жетуде еңбек етуге, жұмыс істеуге толықтай дайынмын», – деді Бекзад Нұрдәулетов.
Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов әуесқой бокстан қол үзбейді. Оның айтуынша, әуесқой бокста 15 жекпе-жекке дейін өнер көрсете алады. Десе де қазіргі таңда арман-мақсаттары – кәсіпқой бокста.
Қазіргі таңда былғары қолғап шеберлері жаттығу өткізіп, шаршы алаңға шығуға дайындалып жатыр. Аталған боксшыларды ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Джакиев жаттықтыруда.