Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Заңның мақсаты – қолданыстағы құқықтық олқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ электр самокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу. Заң Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Сенатор Евгений Больгерттің айтуынша, заң арқылы көлікті мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындауға мемлекеттік монополия енгізіледі. Сондай-ақ «Жол қозғалысы туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» екі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
«Электрондық самокат» ұғымы енгізіледі. Ол ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік деп танылады және олардың қозғалысы үшін арнайы орын айқындалады, – деді сенатор.
Электр самокатпен жолдың оң жақ жиегімен қозғалуға болады. Ол үшін 18 жасқа толған азаматтың кез келген санаттағы көлікті жүргізу құқығына ие екенін көрсететін құжаты болуы қажет. Ал қараңғы уақытта басқа көліктерге көрінуі үшін жарық қосуы қажет болады.
Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат беріледі, – деді Евгений Больгерт.
Заңда шағын электр көлік пен электр самокаттары жүргізушілерінің құқығы мен міндеттері белгіленеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева құжат аясында самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ самокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек.