ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов «Время» басылымына берген сұхбатында VIII шақырылған палата депутаттарының 1-сессия жұмысын қорытындылады.
Депутаттық корпустың жұмысын айтар болсақ, осы сессия белсенді болды. 100 күнде депутаттар қоғамдық маңызды 20 заң жобасына бастамашы болды. Оның көбі Парламенттен өтіп, Президенттің алдына жетті, – деді спикер.
Ерлан Қошановтың айтуынша, әр пленарлық отырыста түрлі мәселелер бойынша 30-ға дейін депутаттық сауал жолданып, қызу талқылау болған.
Палата спикерінің пікірінше, қоғамда отбасы мен балалар, казино мен букмекерлер жарнамасына тыйым салу, отбасы құндылықтары туралы алуан пікір бар. Электронды темекі мәсеелесінде де түрлі көзқарас қалыптасқан. Одан бөлек халықтың несиеге батуы да өз алдына үлкен мәселе. Осы орайда, депутаттар қоғаммен тығыз байланыс ұстап, әр сессияда әр алуан мәселелерді көтеріп отырды.
Бұл қоғамдағы плюрализмнің көрінісі және палата төрағасы ретінде мен депутаттарға ешқандай мәселені көтеруге тыйым сала алмаймын, – дейді спикер.
Депутаттар депутаттық сауалдарын жолдауы үшін ешкімнің мақұлдауын күтпейді. Әрине, белгілі бір бюрократия бар. Кей фракциялар өз бағдарламалары және тактикасына сай сауалдарын жолдау тәртібі мен ретін өз бетінше анықтайды. Әр фракция өз аудиториясының үдесінен шығуға тырысады. Мәжіліс басшылығы мен аппараты тиісті тақырып бойынша бұрынғы мәселелерді тауып, статистика мен тиісті ақпараттарды беріп көмектеседі. Ал сауалдардың тақырыбы мен тереңдігіне келер болсақ, бұл әр депутаттың өз жауапкершілігі. Депутаттар қалыптасқан саясаткерлер, тәжірибелі мамандар. Арасында жеке бастарына назар аудартуға тырысатындары да болуы мүмкін, оны жоққа шығармаймын, – дейді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов депутаттарға мүдделі тараптардың ықпалы болуы мүмкін бе деген сұраққа да жауап берді.
«Мемлекет басшысы «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» формуласын ұсынды. Президенттің айтқанындай, барлық талқы әлеуметтік желіден парламент пен мәжіліс қабырғасына өтуі керек. Егер қоғамда қандай да бір талас болса, депутаттар одан тыс қалмауы керек», – дейді Ерлан Қошанов.
Спикердің айтуынша, кей жағдайларда депутаттар алған жауаптарының сапасы мен тереңдігіне көңілі толмайды.
«Мәжілісмендер үкіметтен нақты және түсінікті ақпарат күтеді. Сессияның соңғы отырысында біз үкіметті депутаттық сауалымызға ауызша жауап беру құқығымызды жиі пайдалана бастайтынымызды айтып ескерттік. Біз регламент бойынша оларды парламент қабырғасына шақырып алып сұрай аламыз», – дейді спикер.
Сондай-ақ палата спикері депуттарға қатысты лобби мәселесіне қатысты да ойын айтты.
Кез келген лоббиден жақсы қорғаныс – ашықтық. Егер қоғам мәжілісте қабылданып жатқан шешімдермен жақсы таныс болса, кез келген лоббилік әрекет халық арасында тез тарап кетеді. Біз мұндайды бірнеше рет көрдік. Депутаттар да әр түрлі. Кейбірі бірден жұмысқа араласып кетеді, кейбірінде ондай болмайды. Халық бәрін көріп отыр. Мәжіліс қазір елдегі ең ашық алаң, – дейді мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов сонымен қатар депутаттардың жалақысы мен әлеуметтік пакеттеріне қатысты да ақпаратпен бөлісті.
«Былтыр қаңтар айында президент бес жылға дейін депутаттардың жалақысын көтеруге мораторий жариялады. Қазір депутаттардың жалақысы вице-министр мен әкім орынбасарының жалақысынан аз. Депутатта бір ғана көмекші, жеке көлік жоқ, пәтер тек басқа қаладан келгендерге беріледі, оның өзінде ол пәтерлер пентхаус емес», – дейді төраға.
Елде реформаның не себепті баяу жасалып жатқаны туралы да жауап берген мәжіліс төрағасы жаңа Қазақстанға қатысты да пікірін айтты.
Жаңа Қазақстан – күнтізбедегі күн, немесе белгілі бір көлемдегі егін шығымы емес. Бұл ұлттың жаңа сипаты, қалай өзгеру керек дегенге жауап. Президент реформасы бір реттік пиар акция емес. Өздеріңіз білетіндей, президент жүйелі шаралар мен қадамдарды ұстанады. Біз аймақта әр деңгейдегі дерлік әкімдерді сайлайтын жалғыз елміз. Осы тұрғыда Қазақстан демократияға бастаушы елдердің бірі, – деді Ерлан Қошанов.