Кейінгі 10 жылда елімізде ауыл халқы мен ауылдық елдімекендер санының азаю үрдісі байқалып отыр. Мәселен, 2012-2022 жылдар аралығында еліміздің ауыл халқы 7,6-дан 7,5 млн адамға дейін азайды, ал ауылдар саны 6,9-дан 6,3 мың бірлікке дейін қысқарды, деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, жойылған ауылдардың ең көп саны елімізддің солтүстік аймақтарына тиесілі (269 ауыл жойылды). Оңтүстік өңірлерде ауылдар саны 119-ға, батыс өңірлерде 118-ге, орталық-шығыс өңірлерде 103-ке қысқарған.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңына сәйкес тұрақты халық саны кемінде 50 адам болатын аумақ елдімекен болып саналады. Бұл 50 адамнан аз халқы бар елдімекендер ауыл мәртебесін жоғалтады және ресми есептен шығарылады дегенді білдіреді. Алдағы жылдары елде 500-ден астам халық саны аз ауыл жойылуы мүмкін», – деп атап өтті Өмір сапасы орталығы директорының орынбасары Айтжан Мейрембаев.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 50 адамнан аз халқы бар 549 ауыл тіркелген. Оларда 14 мыңнан астам адам тұрады.
Өңірлер бөлінісінде шағын ауылдардың ең көп саны Солтүстік Қазақстан (128 бірлік), Ақмола (56) және Батыс Қазақстан (49) облыстарында байқалады. Мұндай ауылдардың ең азы Атырау (9 бірлік), Жамбыл (4) және Маңғыстау (3) облыстарында орналасқан.
«Ауыл тұрғындары көші-қонының негізгі факторы қарапайым өмір сүру жағдайлары болып табылады. Адамдар тұруға қолайлы өмір үшін ауылдардан кетеді. Тек 2022 жылы ауылдық жерлерден 326 мыңға жуық адам көшіп кетті. Бұл ретте ауылдан көші-қонның негізгі ағымы қалаларға бағытталған», – дейді Айтжан Мейрембаев.