Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 24 лауазымды адам әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды.
Шымкентте полиция ғимараттарында заңсыз болған 50-ге жуық адам босатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қылмыстық процестік кодекстің 129-бабына сәйкес, жеткізу – адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы. Егер адамға қарсы қылмыс жасады деген күдік расталмаса, қылмыстық қудалау органының қызметкері оны дереу босатуға міндетті. Алайда бұл заңды талапты кейбір лауазымды тұлғалар көбіне сақтамайды.
Сондықтан құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелеріне тексеру жүргізіп отырады.
Шымкент қалалық прокуратурасының мәліметінше, полиция басқармаларын прокурормен тексеру барысында қандайда бір тергеу әрекеттерін жүргізбей, жеткізілген 3 адамды 3 сағаттан астам уақыт бойы ғимаратта заңсыз ұсталғаны анықталған. Құқығы бұзылған адамдар прокурормен дереу босатылды.
Жиналған құжаттар қызметтік тергеу жүргізіп, кінәлі полиция қызметкерлерін заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін Шымкент ҚІІБ-нің ішкі қауіпсіздік басқармасына жолданды.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, биыл 9 айда Шымкент прокурорлары полиция ғимараттарында заңсыз болған 48 адамды (оның ішінде Қаратау ауданында – 23, Тұран ауданында – 9, Әл-Фараби ауданында – 8, Абай ауданында – 7, Еңбекші ауданында – 1) босатқан.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 24 лауазымды адам әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды.
Біз қылмыстық процестік заңнамасының мүлтіксіз орындалуына ұмтылуымыз керек. Азаматтардың құқық қорғау органдары ғимаратында бір минуттан аса негізсіз болуына жол берілмеуі керек және олардың құқықтарын бұзғандар үшін салдары болады, – деп атап өтті қала прокуроры.