2023 жылы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын енгізуге байланысты жер заңнамасы өзгерді. Осыған қарамастан, ҚР АШМ ауыл шаруашылығы жерлері бойынша сұрақтарды өзінде қалдырып, Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін дамытуды қолға алды.
Ағымдағы жылы “Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты” (АШАІМИ) көмегімен ауыл шаруашылығы картасын цифрландыру бойынша жоспарланған Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (МЖК ААЖ) жаңа платформаға көшіру жұмыстары аяқталады.
Бүгінгі таңда 205,4 млн гектар ауылшаруашылығы жерлерінің 140 млн гектарынан астамы цифрландырылды. Бірінші цифрлық ауыл шаруашылығы картасы осы жерлерді қайта бөлуді одан әрі мониторингтеу, цифрлық жер балансын жүргізу, субсидиялау және ауыл шаруашылығы жерлерімен байланысты басқа да іс-қимылдар үшін функциялар мен қызметтерді автоматтандыру бойынша негіз болады.
Бұдан басқа, жаңа Мемлекеттік жер кадастрының базасында қағаз арқылы (АШАІМИ, АГРОХИМ, гидромелиоративтік қызметтер, жер инспекторларының жеке кабинеттері, топырақ-геоботаникалық зерттеулер) жүзеге асырылған жер қатынастары саласындағы жаңа “цифрлық” форматтағы функцияларды жетілдіру бойынша жұмыстар басталды.
2024 жылдың наурызына цифрлық жер балансы бойынша пилоттық жоба жоспарланған. Ол әкімдік қызметкерлерін жер балансын қағазда тапсырудан босатуға мүмкіндік береді. Баланс, өз кезегінде, бір түрден екінші түрге ауыстырылған жерлер негізінде қалыптасады.
“Бұл сауда-саттық және аукциондар арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін ұсыну жөніндегі қызметтерді жаңа МЖК-да іске асырумен толық көлемде көрсетілетін болады. Егер жер пайдаланушы критерийлерге сай келсе, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу туралы шешімді жүйе автоматты түрде қабылдайды”, – деп атап өтті Бағлан Бекбауов.
Вице-министр мемлекеттік жер бақылауын цифрландыру жер заңнамасын бұзуды барынша азайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты.
Әзірленген jerinspectr модулі жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау бойынша жұмысты жеңілдетеді. Бұл платформа жер ресурстарын басқару жөніндегі жаңа ақпараттық жүйеде модуль ретінде тұратын болады.