– Атырау облысында Жайық өзенінің суы күн сайын көтеріліп жатыр. Бүгін Махамбет ауданында өзен деңгейі 795 сантиметрді көрсетті.
Атырау облысының жедел штабы «Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының гидрологиялық мониторинг дерегін ұсынды.
«Жайық өзеніне көршілес Батыс Қазақстан облысының аумағынан су келіп жатыр. Бүгін, 2 мамырда таңертеңгі сағат 08:00-де Индербор кентіндегі гидробекетте су деңгейі +32 сантиметрге көбейіп, 750 сантиметр болды. Бұл ауданда Жайық өзені су тасқыны басталғаннан бері 527 сантиметрге көтерілді», – деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Ал, Махамбет ауданында бір тәулікте өзен арнасы +16 сантиметрге ұлғайған.
«Қазір Махамбет ауылының тұсында Жайық өзенінің деңгейі 795 сантиметрді құрды. Су тасқыны басталған кезден бергі көтерілу көрсеткіші – 478 сантиметр», – деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.
Су айдыны деңгейінің көтерілгені Атырау қаласындағы гидробекетте де тіркеліп отыр. Мұндағы су деңгейі +8 сантиметрге көтеріліп отыр. Қазір шаһар маңында Жайық деңгейі 459 сантиметрге жеткен.
«Индер және Махамбет ауданында Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 850 сантиметр. Ал, Атырау қаласында 550 сантиметр қауіпті деңгей саналады», – делінген облыстық жедел штаб ақпаратында.