– Елордада тұрғындар саны жыл сайын артып, сәйкесінше қала билігі шаһардың бас жоспарына жіті назар аударатын болды. Бүгін қалалық мәслихатта шаһарды дамыту жоспарлары талқыланды.
Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтыр қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспары әзірленген. Биыл қаңтарда Үкіметтің қаулысымен бекітілген.
Бас жоспарға сәйкес, Алматы ауданын екіге бөлу ұсынылған. Солтүстік бөлігі өзінің тарихи бөліктері мен атауын сақтап, ауданы 8 518 гектарды құрайды деп жоспарланып отыр.
«Ал жедел қарқынмен дамып келе жатқан оңтүстік бөліктің жалпы ауданы 6 953 гектарды құрап, ол жерде жаңа әкімшілік аудан пайда болады», – деді Н. Нұркенов.
Болжам бойынша, 2035 жылға қарай Алматы ауданының халқының саны 390 мыңнан 659 мың адамға дейін артпақ. Тұрғын үй қоры 11,7 миллион шаршы метрден 20 миллион шаршы метрге дейін өседі деп күтіліп отыр. Сәйкесінше, басқа-басқа аталған ауданды екіге бөлу тиімді болмақ.