– Қызылорда облысында елді мекендерді көркейту, абаттандыру жолға қойылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте елді мекендерді көркейту, абаттандыру мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы облыс орталығы мен барлық аудандағы атқарылған жұмыстарға күнделікті бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қазіргі демалыс маусымында көпшілік орындардың келушілерге ыңғайлы әрі жайлы болғаны жақсы. Ең бастысы, олардың таза болғаны өте маңызды. Тазалық мәселесінде тұрғындарға жүктелетін жауапкершілікті де ұмытпау керек.
Айта кетсек, биыл қала көшелерін, көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 12,7 млрд. теңге қаралды. «Қорқыт ата» әуежайының аумағын көркейту, қала, кент пен ауылдық округтердің 75 көшесіне жарық бағанасын орнату, 59 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған.
Құрылысы өткен жылы бастау алған көпқабатты 19 тұрғын үйдің ауласындағы жұмыстарды аяқтау үшін 237 млн. теңге бөлінген. Тағы 25 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы ойын алаңдарын күрделі жөндеу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаралған. Оған қоса 215,8 млн теңгеге 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласы жөнделуде.
Облыс орталығында 10 заманауи аялдама толығымен орнатылды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде көшелерге су жолын жүргізу, орталық зиратты қоршау, көппәтерлі үйлерді абаттандыру қолға алынды.
Қаланы көгалдандыру үшін «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл жұмыстар толық аяқталғанда, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасады, жолаушылар және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.