2024 жылдың мамырынан бастап 17 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінен шығарылды, деп хабарлайды altyalash.kz
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, тұрғын үй кезегінде 650 мың қазақстандық тұр. Оның 255 мың 140-қа жуығы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Жыл сайынғы түгендеу Қазақстанда 300 мыңға жуық адам құжаттары талапқа сай келмейтіндіктен немесе баспанасы бар болғандықтан, болмаса тұрғын үй алуға өтініш беруге құқығы жоқ болғандықтан, тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін екенін көрсетті.
Биылғы 1 қаңтардан бүгінге дейін әкімдіктер 32 мың 931 азаматты кезектен шығару туралы қаулы қабылдады.
Кезекте тұрғандар арасындағы ең үлкен сәйкессіздіктер келесі себептер бойынша анықталды:
- кезекте тұрған адамның және оның отбасы мүшелерінің тұрғын үй түрінде жылжымайтын мүлкі болса;
- кезекте тұрған адамның отбасы мүшелері туралы деректердің сәйкес келмеуі;
- әлеуметтік жағдайының сәйкес келмеуі (толық емес отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедектер және тағы басқа);
- мемлекеттік қызметкер мәртебесінің сәйкес келмеуі (АЖ-де ekyzmet болмауы).
Осы жылы мамырда бастап министрлік kezekte.kz ақпараттық жүйесін әзірлеушілермен бірлесіп, сәйкессіздіктер анықталған кезекте тұрғандарды жеке деректерін жаңарту қажеттілігі туралы SMS хабарлама арқылы хабардар ету туралы шешім қабылдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерге мәліметтерді жаңарту үшін белсенді түрде бара бастады. Бүгінде 34 мың азаматты кезектен шығару туралы шешім қабылданып, мамырдан бүгінге дейін 17 мың азамат кезектен шығарылды, – делінген министрлік хабарламасында.