Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бақ сынау үшін Астанаға 100-ден аса елден 3 мыңға жуық қатысушы, солардың ішінде әйел спортшылар да келетіні анық. Біздің елде де ұлттық спорттың қарқынды дамуына өз үлесін қосып жүрген әйелдер саны жыл сайын артып келеді. Биыл көктемдегі есеп бойынша 170-ке жуық әйел тоғызқұмалақ, садақ ату, асық ату және жамбы атудан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр екен.
Көшпелілер ойынын өткізу – әрі үлкен сын, әрі зор бақыт. Өйткені ол кез келген елде өткізіле бермейді. Жеребе тасталғанда да кандидат ел біз жоғарыда айтқан параметрлер ескеріле отырып таңдалатыны анық. Сондықтан біз Орталық Азияның даму қарқыны жоғары, өнері мен мәдениеті дамыған, қысқы Азия ойындары сияқты бірқатар халықаралық жарысты өткізген тәжірибесі бар, ең бастысы, ұлттық бет-бейнеміз сақталған елміз деп мақтана аламыз.
Бұл көрсеткіштердің жақсара түсуіне әлемді әдемі ете түсетін әйелдер қауымының қосқан үлесі мол. Олар экономикамыздың барлық саласында белсенділік танытып, еселі еңбегімен, үздік өнерімен, биік жетістіктерімен ел құрметіне бөленіп жүр. Біз ашық ақпарат көздеріне сүйене отырып, сондай-ақ көзіміз көрген ойындардан алған әсерді бөлісу үшін ұлттық спорттағы сондай жандар туралы жазып отырмыз.
Бұл ойындар алғаш рет 2014 жылы, сосын 2016, 2018 жылдары бауырлас Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өткені көпке белгілі. Жыл өткен сайын ойындарға қатысушы елдер де, спорт түрлері мен спортшылар саны да өсе берді. Мысалы, алғашқы ойындарға 583 спортшы қатысса, 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен сайыстарда 3 мың спортшы бақ сынады.
Осы уақытқа дейінгі жүргізілген есеп бойынша: тоғызқұмалақ жарыстарына – 725 әйел, садақ атуға – 469, асық атуға – 420, жамбы атуға – 18, құсбегілікке 4 қыз-келіншек тұрақты түрде қатысқан. Олардың ішінде әлем және Азия чемпионы атанған арулар да бар. Мысалы, тоғызқұмалақтан 6 әлем чемпионымыз болса, Әсел Далиева бұл атаққа 10 рет ие болған. Гүлжанат Алдабергенова мен Лина Каримова 2 дүркін әлем чемпионы атанған. Ал асық атудан әйелдер арасында әлем кубогінің 7 мәрте жеңімпазы, Азияның 9 чемпионы бар.
Тағы бір атап өтерлік жай – ұлттық спорттағы әйелдер өздері ғана шұғылданбай, өз уақытын, күш-жігерін, қаражатын жұмсап, туған жерінде сүйікті спортын дамытуға атсалысып жүр. Мысалы, қостанайлық Аяулым Аппазова – дәстүрлі садақ ату бойынша «Алтын Тұғыр-2023» сыйлығының «Үздік спортшы» аталымының иегері, спорт шебері, жаттықтырушы. Бүгінде «SAQ – Sadaq atu Qostanai» федерациясының президенті. Тоғызқұмалақшы Аңсаған Қожанәсіп ағасы Асылхан екеуі туған жері Қарағанды облысының Ағадыр ауданында балаларға арналған тоғызқұмалақ үйірмесін ашып, 100-ден аса шәкірт тәрбиелеген. Шығыс Қазақстанда балаларды спортқа баулып, садақ атудан сайыстар ұйымдастырып жүрген Ажар Төлеуханова – «Oskemen Sadaq Atu» федерациясының президенті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал Ұлттық спорт қауымдастығының басшылық құрамына кіретін Бағдат Мүптекеқызы – жасы жағынан үлкен, тәжірибесі мол спортшы. Ол Алматы облысында елімізде тұңғыш құрылған Жалайыр Шора атындағы Бүркітшілер мектебінің негізін қаласып, кейіннен оның басшысы болған. 2000 жылдардың басында «Қыран» федерациясын құруға атсалысты.
Әріптесіміз, кәсіби журналист Бағдат Мүптекеқызы Алматы облысының бұрынғы Шелек ауданының Нұра аулында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» бас редакциясында 20 жылдай еңбек еткен. Сосын Жер қатынастары және жер ресурстарын басқару жөніндегі Мемлекеттік комитетте баспасөз хатшысы, «Қазақстанның жер ресурстары» журналында бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы қызметтерін атқарған.
Бүркітшілер арасында өскен соң, құс әлеміне бала кезден қызыққан Бағдат Мүптекеқызы 40 жылдан бері халқымыздың тарихы тереңнен басталатын құсбегілік өнерін танып-білуге ұмтылып, оның жоқтаушысы, жанашырына айналады. Өзінің бұл таңдауын ол: «Бойымдағы құсбегілікке құштарлық – бабамнан ауған құт-берекенің сарқыты», дейді.
Ол – белгілі этнограф Жағда Бабалықұлының жанында жүріп, салт-дәстүрімізге бойлаған, жойылып бара жатқан құсбегілікті сақтап қалу үшін еңбек еткен қайраткер. Бұған – оның 2000 жылдардың басында «Қыран» федерациясы құрылғанда оның басы-қасында болуы, құсбегілікті ұлттық спорттың бір түрі ретінде тану үшін ережесін дайындап, жылдар бойы бірнеше кітап-альбом мен 200-ге жуық ғылыми-танымдық мақала жазуы дәлел. Сондай-ақ бүркітшілікті халықаралық деңгейде қорғау, оны әлемдік дәрежеге жеткізу мақсатында көп ізденіп, ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізуге бар күш-жігерін жұмсады.
Кая Мазневамен танысуға жетелеген де – оның садақ атудың классикалық емес, қазаққа тән түрлері дәстүрлі садақ ату мен жамбы атудан жеңімпаз атанып жүруі. Шыны керек, көзі көк, түрі бөлек Каяның қазақтың ұлттық спорты қыз қууға, садақ атуға, жамбы атуға неге құмар болғанын білгім келген. Сөйтсек, себептің түп-тамыры әріде жатыр екен: ол нәубет жылдары Еділ бойынан қуылып, қазақ жерінен пана тапқан саяси қуғын-сүргін құрбанының шөбересі болып шықты.
Қазір Кая – бізде ғана емес, сырт елдердегі жанкүйерлерге де танымал садақшы. Оның жетістіктері туралы отандық және шетелдік БАҚ: «Садақ атудан ашық республикалық турнирде Кая Мазнева үздік атанып, 1-орынға ие болды»; «Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған садақ атудан Халықаралық турнирде жебесі желмен жарысқан қарағандылық Кая Мазнева үздік атанды»; «Жамбы атуда Мая Казнева алдына жан салмады» деп жарыса жазып жатады. Басқа садақшылар дәстүрлі аралас атыс, компаунд атыс, классикалық атыс түрлерінен жеңіске жетіп жатса, бізді Кая Мазневаның нағыз қазақша түрі жамбы атудан бас жүлдені қанжығалағаны сүйсінтті. Ол – Қазақстанның үш дүркін чемпионы, құрама команданың мүшесі. Жыл басында Малайзияда өткен іріктеу жарыстарына қатысып қайтты, онда да жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Ендігі мақсаты – Көшпелілер ойынында жеңіске жету.
Моңғолия қазақтарының көшін атажұртқа бұру жолында ерен еңбек еткен курстас досым Ботагөз Уатқан мені Қытай мен Моңғолиядан келген небір талантты адамдармен таныстырды. Гүлзира Бөкейхан, Тұрсынхан Зәкен, Майра Мұхамедқызы, Беглан Стамбол, тізе берсем тіпті көп. Олардың әрқайсысы – өз мамандығының бірегейі, атажұртқа келіп, кәсіп еткен саласының жақұтына айналғандар. Сол жақұттардың кішкентайы – Баян-Өлгейден келген әлемге белгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы.
«Саятшылық – өз алдына қызық өнер. Бірақ қыз бала үшін бүркіт ұстау қиын, себебі бүркіттің салмағы ауыр. Әсіресе қыс кезінде тау-тастармен бүркітті алып жүру оңай емес. Бірақ адам егер шын жүрегімен қаласа, қолынан бәрі келеді», дейді бүркітші қыз.
Айшолпанды 13 жасында әлемге танымал еткен бүркітшілер жарысы 2014 жылы Моңғолияда өткен. Жарысқа 90 жасқа дейінгі саятшылар қатысқан. Сонда жалғыз өзі 79 ер адаммен бірге бүркітшілер жарысына қатысқан Айшолпан жарыс нәтижесімен қазақ атын әлемге тағы бір танытады.
«Рекорд жаңартып, бірінші орынды иелендім. Өте қуанышты, айтып жеткізе алмайтындай ерекше әсерде болдым. Ереже талабы бойынша бүркітімді 5 минутта шақырып, қолыма қондырып, түлкі мен қоянның терісін алып, рекорд жаңарттым. Сол кезде ер адамдар айналысатын саятшылықпен қыздар да айналыса алатынын, өзімнің нағыз бүркітші қыз екенімді бәріне дәлелдедім», деп еске алады.
Бүгінде отбасымен бірге атажұртқа қоныс аударған бүркітші Айшолпан Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай аулында тұрады.
Ұлттық ойындарда бір отбасы мүшелері – әкелі-балалы, ерлі-зайыпты, ағалы-қарындас спортшылар қатысатын сайыстар бар. Жанкүйерлерге қарағандылық тоғызқұмалақшылар Асылхан және Аңсаған Қожанәсіптердің есімдері жақсы таныс. Бұл ойынға әуелі Асылхан қатысады. Екі жыл өткен соң қарындасы Аңсағанды да осы ойынға баулыған. Екеуі бірге үйірмеге барып, шеберлігін шыңдаған соң, жарыстарға да бірге қатысып, енді биіктерді де бірге бағындырып жүр. Аңсаған Азаматқызы ең алғашқы жүлдесін 2011 жылы Қостанай қаласында өткен республикалық жасөспірімдер чемпионатында алады. Бір жылдан соң Астана қаласында
14 жасқа дейінгі қыздар арасында «Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны қауымдастығы» кубогі үшін өткен республикалық жарыста жеңімпаз атанады.
Осыдан кейін ол алдына жан салмай, Ақтөбе қаласында өткізілген V Азия чемпионатында бірінші орыннан көрінсе, Франция елінің Канны қаласында өткен Еуразия кубогі үшін жарыста да чемпиондық тәжге ие болады. Одан кейін Моңғолияда жастар арасында өткен Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріледі. Бір қызығы, шетелдерде өтетін жарыстарға қатысып жүріп Аңсаған Батыс Африка халықтарының тоғызқұмалаққа ұқсайтын «овари» деген зияткерлік ойынын үйреніп алады. Үйреніп қана қоймай, 2017 жылы Чехияда өткен жарысқа қатысып, үшінші орын алады. Одан кейін де шетелдердегі бірнеше жарысқа қатысып, абырой биігінен көрінген.
Бір жақсысы, ағасы Асылхан екеуі ұлттық спорттың дамуына нақты үлес қосу үшін туған жері Қарағанды облысының Ағадыр ауданында балаларға тоғызқұмалақ үйретіп, 100-ден аса шәкірт тәрбиелеген.
Көшпелілер ойынына еліміздің атынан қатысатын Аңсаған Қожанәсіп – елдің бірнеше дүркін чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Азия кубогінің иегері, 50-ден аса түрлі деңгейдегі жарысқа қатысып, тек алдыңғы шептен көрініп келе жатқан спортшы.
Белгілі бір салада қол жеткен үлкен жетістікті әлемге жария ететін бір өлшем – оның Гиннес рекордтар кітабына енуі. Биыл сол кітапқа қазақтың 19 жастағы қызының есімі енгізілді. Атына көркі сай Аружан Амангелдіқызы елімізде тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан рекорд орнатып, бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енгізілгеніне сүйсінгенбіз. Аружан қызымыз түйемен желе шауып келе жатып, арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысананы көздеп жамбы атып, рекорд орнатты.
Аружан Жамбыл облысы Меркі ауданында туып-өскен. Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің студенті. Бірде оған «Топжарған» этно-өнер орталығының басшысы атта отыра алатын қыздар іздеп жүргенін айтып, орталыққа жұмысқа шақырады. Кейінірек орталыққа екі асау түйе әкелінеді. Бірте-бірте орталықтағы шабандоздар екі түйеге бас білдіріп, өздері де бой үйретіп, сол уақыт аралығында садақ атуды, жамбы атуды игереді.
«Маған түйе мініп, садақ атуды байқап көруге кеңес берген – орталық басшысы Ғабит Таңатов ағай. Жаттығулар нәтиже бере бастағанда, жаттықтырушыма елде осы күнге дейін ешкім жасамаған трюкті Гиннестің рекордтар кітабына ұсыну туралы ой келді», депті Аружан бір сұхбатында.
Жамбы ату – атқа міну мен садақ атуды біріктіріп тұрған спорт. Жамбы атумен айналысқан адамның бойында бірден екі спорттан сіңген қабілет пайда болып, спортшы шымыр, епті әрі қолы мен көзі қалт кетпейтін мерген болып шығады. Біздің халық үшін атпен жамбы ату үйреншікті іс сияқты. Себебі атқа отыру біздің қанымызда бар, әрі ат бірқалыпты шабатындықтан тепе-теңдік ұстауға болады. «Ал түйемен жамбы ату қиынырақ. Түйе желгенде аттағыдай жамбы ату, жебені дәлдеу оңай емес», дейді Аружан.
Мықтылардың мықтысы ғана бақ сынаған әлемдегі ең ұзақ бәйге – «Ұлы дала жорығы» марафонына шабандоз қыз Әлия Бикен де қатысты. Бәйгеге дейін күніне 50 шақырымды атпен жүріп өтуді әдеттегі жаттығуға айналдырған Әлия бұл сапардың сынақтарынан қиналмай өтті.
«Ең бастысы, адамның ерік-жігері мен құлшынысы болса, сондай-ақ атының бабы келісіп тұрса, еңсермейтін кедергі жоқ», деді ол бір сұхбатында.
Биылғы жорыққа қостанайлық, маңғыстаулық арулар өз облыстарының атынан қыздар командасы болып қатысуға ниет білдіргендері – Әлия Бикеннің бастамасы өміршең болатынын көрсетеді. Қыздарымыздың мерейлері үстем бола берсін деп тілейміз!
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты