Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында «Hormesis» брендімен инновациялық диеталық өнім шығаруға маманданған «HealthInvest» ЖШС зауыты ашылды. Жоба «Ғылым қоры» АҚ және кәсіпорынның өз инвестициялары есебінен іске асты.
Зауыттың іске қосылуы отандық пайдалы тағам өндірісінің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 1 200 000 дайын өнім данасын құрайды. Бұл еліміздегі сұранысты толық қанағаттандыруға қауқар береді.
Өндіріс алаңы – 500 шаршы метр. Мұнда заманауи өндіріс цехтері, зертханалар мен шаруашылық үй-жайы бар. Жоғары сапалы өнім өндіру үшін зауыт әлемдік стандарттарға сай инновациялық технологиямен жабдықталған.
Компания басшысы Нұрсұлтан Каламовтың айтуынша, «Hormesis» өнімі Қазақ тағамтану академиясының барлық қажетті зертханалық сынақтары мен сараптамаларынан өтіп, тиісті сертификатқа ие болды.
«Hormesis» гелі – бұл тек қуат көзі ғана емес. Ол адам ағзасына оң ықпалын тигізіп, денсаулық пен белсенділікті арттырады. Біз тұтынушыға Қазақстанда жасалған сапалы әрі пайдалы өнімді ұсынып жатқанымызбен мақтанамыз», – деді Нұрсұлтан Каламов.
Өндірістің іске қосылуының арқасында бес адам жұмыспен қамтылды. Олардың орташа еңбекақысы – 370 мың теңге. Жоба өңірдің инфрақұрылымын дамытуға оң септігін тигізіп, Ақмола облысының экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
«HealthInvest» жобасының басшылығы «Ғылым қоры» АҚ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға жобаға қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
«Біз өңірімізді дамытуға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуанамыз. Осы өндірісті іске қосуда бізге көмек көрсеткен барша тарапқа алғыс айтамыз», – деп атап өтті компания жетекшісі.