Орал қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза аула!» атты тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара барысында аулалар қоқыстан тазартылып, балалар ойын алаңдары мен қоршаулар әктеліп, жаңартылды. Бұл жұмысқа 20-дан астам ерікті жас қатысып, өз үлестерін қосты.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда экологиялық сана қалыптастыру, табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ жастардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайту. Сонымен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ортақ мүлікке ұқыппен қарауды насихаттау да бастаманың басты бағыттарының бірі болып табылады.
Іс-шара барысында еріктілер белсенділік танытып, аумақты ретке келтіруге аянбай атсалысты. Нәтижесінде балалар алаңы жаңарып, шөптер орылып, тұрғындарға таза әрі жайлы орта сыйланды. Жергілікті халық атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, болашақта да мұндай игі бастамаларға қолдау көрсететіндерін жеткізді.
БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бөлімінің басшысы Айбек Шарипов шара барысында сөз алып, акцияның маңыздылығына тоқталды: «Таза Қазақстан» акциясы аясында шілде айынан бері 50 таза ойын алаңы жобасы қолға алынды. Бұл бастама – балаларға қауіпсіз, таза орта сыйлау арқылы оларды тазалыққа тәрбиелеуді мақсат етеді. Қуантарлығы – еріктілер саны күн санап артып келеді. Жастармен қатар қала тұрғындарының да қызығушылық танытуы жобаның өзектілігін дәлелдейді, – деді ол.
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, барлық қала тұрғындарын экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Бұл бір күндік акция емес – бұл барша қоғам болып атсалысатын маңызды міндет. Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау – бүгінгі жауапкершілігіміз әрі болашақ ұрпаққа қалдырар аманат.