Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Аймақ жаңалықтарыБасты жаңалықтарЖаңалықтарРуханият

«Абай салбұрыны – 2025»: елордалық құсбегілер республикалық турнирде жоғары нәтиже көрсетті

Абай облысында өткен «Абай салбұрыны – 2025» республикалық құсбегілер турнирінде елордалық спортшылар табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

27-29 қараша аралығында Абай облысының Абай ауданына қарасты Жидебай қорығында «Абай салбұрыны – 2025» республикалық құсбегілер турнирі өтті. Сайыс Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ҚР Құсбегілік федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Турнир барысында бүркіт, ителгі және қаршыға баптау бойынша құсбегілер сайысымен қатар, қазақы тазы жүгірту, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен басқа да этно бағдарламалар өткізілді. Биылғы дүбірлі додаға еліміздің 12 өңірінен 70-ке жуық бүркіт, 14 ителгі, 15 қаршыға және 20-дан астам тазы қатысты.

Ұлттық ойын бәсекесінде елорданың намысын Аян Досыманов, Серікбек Күнтуған, Диас Күнтуған және Ерасыл Серікбекұлы абыроймен қорғады. Ерасыл Серікбекұлы бүркіт сайысында І орын, Қаршыға сайысында ІІ орын иеленіп, елордалық команданың мерейін үстем етті.

Жарыстың нәтижесін қорытындылап, жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсіміне Абай облысының әкімі, ҚР Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли арнайы қатысып, ұлттық өнерді дәріптеуге үлес қосқан құсбегілерге алғысын білдірді.

Жидебай өңіріндегі этноауылда өткен турнир ұлттық спортты кеңінен насихаттап, дәстүрлі құсбегілік өнердің мәртебесін арттырды. Елорда спортшыларының бұл жетістігі жас буынның бабадан қалған асыл өнерді лайықты жалғап келе жатқанын көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Мәскеу Халықаралық кино апталығында креативті индустрияны дамытудағы қазақстандық тәжірибе таныстырылды

admin_altyalash

АРХЕОЛОГТАР 15 МЫҢ ЖЫЛДЫҚ МАМОНТТЫ ЗЕРТТЕЙДІ

admin_altyalash

Абаттандыру ең маңызды міндеттердің бірі, оны бірінші кезекте орындау қажет

admin_altyalash