Мысырда өткен Red to Med Judo Clash Hurghada 2026 халықаралық дзюдо турниріне 13 елден спортшылар қатысты. Хургадада ұйымдастырылған беделді жарыста Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы табысты өнер көрсетіп, отандық дзюдоның жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұлттық құраманың барлық жеті мүшесі де елге медальмен оралды. Қазақстандық спортшылардың жалпы қоржынында төрт алтын, бір күміс және екі қола медаль бар.
Алтын жүлдені қыздар арасында: Сунита Какен (40 кг-ға дейін) және Злата Швайгерт (48 кг-ға дейін); ұлдар арасында: Темур Турманидзе (55 кг-ға дейін) және Асқар Нұрахмет (73 кг-ға дейін) жеңіп алды.

Турнирдің қола жүлдегері атанған Саян Жанатай 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жас спортшы – Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы спорттық интернаттың 10-сынып оқушысы, бұл оқу орнында ол үш жылдан бері білім алып келеді. Саян дзюдодағы жолын Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі спорт секциясынан бастаған, БЖСМ тәрбиеленушісі әрі тәжірибелі бапкер Қазбек Қабдығаниевтің шәкірті.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бұл – менің алғашқы жеңісім емес, бірақ турнир мықты әрі жақсы дайындалған қарсыластарымен ерекше есте қалды. Алдағы уақытта үлкен мақсаттарым бар, солардың ішіндегі ең бастысы – олимпиада чемпионы болу, – дейді Саян Жанатай.
Қазақстандық дзюдошылардың халықаралық жарыстарға қатысуы Jenys кәсіби дзюдо клубының, сондай-ақ клуб бапкерлері Ислам Бозбаев пен Әсeт Түсіповтың қолдауының арқасында мүмкін болды. Турнирдің ұйымдастырушысы – Мысыр дзюдо федерациясы.
Фото: Саян Жанатайдың жеке мұрағатынан

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.