Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Аймақ жаңалықтарыЖаңалықтарЗаң мен тәртіп

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА «ӨЗІҢНЕН БАСТА» ТАҚЫРЫБЫНДА ДЕБАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен дәріптеу және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында «Өзіңнен баста» тақырыбында мемлекеттік жас қызметшілер мен жастар арасында облыстық дебаттық турнир өтті.

Ауқымды шара облыстық жастар ресурстық орталығында бастау алып, мазмұнды пікірсайыстар мен тартысты ой додасынан кейін Достық үйі ғимаратында өз мәресіне жетті. Турнирге «Republic», «Алаш Prime», «Әділдік альянсы», «Әділет Легионы», «Азат», «АМАНАТ», «Нысана», «Әділетті Қазақстан» командалары қатысып, заң үстемдігі, тәртіп мәдениеті және азаматтық жауапкершілік тақырыптарын кеңінен қозғап, өзара білім мен шешендік шеберлікте бақ сынады.

Финалдық кезеңде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Фархат Иманғалиев және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова сөз сөйлеп, іріктеу кезеңдерінде үздік нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алған екі командаға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы белсенді рөлі мен заңға құрметтің маңыздылығына тоқталды.
– Даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы өзінің даналығында «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп, тәртіптің қоғам өміріндегі маңызын терең әрі дәл бейнелеп берген. Бұл даналық сөздің астарында үлкен тағылым жатыр. Тәртіпке бағыну – әлсіздіктің емес, керісінше, саналы азаматтың парасаттылығы мен жауапкершілігінің белгісі. Заң мен тәртіпті құрметтеген ел ғана еңселі, бірлігі бекем, болашағы баянды мемлекетке айналады. Әрқайсыңыз өз ортаңызда заң мен тәртіптің жаршысы болып, өзгелерге үлгі көрсете білсеңіздер, еліміздің болашағы баянды болары анық, – деді Уалихан Серікұлы.

Турнирдің әділ өтуіне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Фархат Иманғалиев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова және «Бедел» ораторлықты дамыту орталығының директоры Айжан Орынбасар қазылық етті.

Тартысты өткен финал қорытындысы бойынша І орынды «АМАНАТ» командасы иеленді, ІІ орын «Нысана» командасы ІІІ орын «Алаш Prime» командасына бұйырса, IV орынды «Republic» командасы еншіледі.

Аталған дебаттық турнир жастардың сыни ойлау қабілеті мен шешендік өнерін дамытуға серпін беріп, олардың қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және заң мен тәртіпке деген құрметін арттыруға ықпал етті.

Ұқсас жаңалықтар

Баскетболшы ойыннан кейін бүйрегінен айырылды

admin_altyalash

Құрылғы аймақтық робототехника чемпионатта үздік ондыққа енді

admin_altyalash

Оралда «Біз таза ел үшін» жобакциясы өтті

admin_altyalash