Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Аймақ жаңалықтарыБасты жаңалықтарЖаңалықтарСпорт

Ақтөбеде 21 елден келген 210 ойыншының қатысуымен халықаралық шахмат фестивалі басталды

2026 жылдың 3-11 маусым аралығында Ақтөбеде «Владимир Дворковичті еске алу – Aktobe Open 2026» халықаралық шахмат турнирі өтуде. Жарысқа әлемнің 21 елінен – Армения, Әзербайжан, Болгария, Қытай, Хорватия, Англия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Норвегия, Румыния, Ресей, Словения, Сербия, Швеция, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Украина және АҚШ-тан 210 қатысушы жиналды.

Турнир ұйымдастырушылары: Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ), Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Ақтөбе облысының әкімдігі. Жарыстың бас серіктестері – Freedom Holding Corp. және Ақтөбе мыс компаниясы. Турнир серіктестері: Herbalife және Қазақстан теннис федерациясы. Жарыс өтетін орын – Мәңгілік Ел көшесі, 2 мекенжайында орналасқан «АСЕ» теннис орталығы.

Фестиваль өзара тәуелсіз екі жарыстан тұрады: Masters турниріне рейтингі 2400 және одан жоғары 81 шахматшы қатысса, Open турнирінде рейтингі 2400-ге дейінгі 129 ойыншы сынға түседі. Екі турнир де швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан өткізіледі, уақыт бақылауы – классикалық (90+30). Masters турнирі FIDE Circuit 2026-2027 қатарына енген.

Жалпы 210 қатысушының арасында 25 халықаралық гроссмейстер (GM) және әйелдер арасындағы 1 халықаралық гроссмейстер (WGM) бар. Үздік ойыншылардың көшін Ван Хао (Қытай, рейтингі 2684) мен Андрей Есипенко (ФИДЕ, 2684), сондай-ақ 2023 жылғы Еуропа чемпионы әрі Aktobe Open – 2025 жеңімпазы Алексей Сарана (Сербия, 2668), рапидтен 2018 жылғы әлем чемпионы Даниил Дубов (2649), 2018 жылғы Еуропа чемпионы Иван Шарич (Хорватия, 2624), Александр Предке (Сербия, 2616) және Антон Демченко (Словения, 2611) бастап тұр.

Қазақстан намысын гроссмейстерлер Денис Махнёв (2551), Қазыбек Нөгербек (2513), Рамазан Жалмаханов (2478) және Эдгар Мамедов (2464) қорғайды.

Masters турнирінің кепілдік берілген жүлде қоры 45 млн теңгені (шамамен 90 000 АҚШ доллары) құрайды, оның ішінде жеңімпаз 9 млн теңге (шамамен 18 000 доллар) иеленеді, ал Open турнирінің жүлде қоры – 5 млн теңге (шамамен 10 000 доллар), мұнда бірінші орын үшін 1,35 млн теңге (шамамен 2700 доллар) қарастырылған.

«Владимир Дворковичті еске алу – Aktobe Open 2026» турнирі ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан Кубогы жарыстарының тізбегін ашады.  Kazakhstan Chess Cup 2026 турнирінің финалы ең мықты 12 ойыншының қатысуымен 1–13 желтоқсан аралығында өтеді.

Жарысқа бүкіл саналы ғұмырын шахматқа арнаған халықаралық төреші Владимир Яковлевич Дворковичтің есімі берілуі турнирдің мән-маңызын арттыра түсті. Салтанатты ашылу рәсімінде оның ұлы, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович сөз сөйледі:

«Бұл турнирдің мен үшін орны бөлек. Әкем шахматқа бүкіл өмірін арнады. Ол төреші, ұйымдастырушы және осы ойынға шын ғашық жан болды. Жыл сайын деңгейі артып, мықты ойыншыларды жинап жатқан доданың оның есімімен аталуы, әкемнің аруағына деген ең үлкен құрмет. Ойыншылар тізіміне қарап, турнирдің ауқымы өсіп келе жатқанын көруге болады. Жарыстың жылдан-жылға беделі артып жатқаны қуантады. Бұл – шахматшылардың осы жерге келгісі келетінінің айқын белгісі. Бүгінде Қазақстан шахматтың даму қарқыны бойынша әлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Мұнда инфрақұрылым салынып, жоғары деңгейдегі турнирлер өтіп жатыр, жас ойыншылар тәрбиеленуде. Бұл құр сөз емес – бұл көпжылдық жүйелі жұмыстың жемісі және Aktobe Open соның айқын көрінісі».

Жарыстың өңірлік билік тарапынан белсенді қолдау тауып отырғанын ерекше атап өткен жөн. Ашылу салтанатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысушыларды құттықтады:

«Ақтөбе өңірі үшін мұндай деңгейдегі халықаралық жарысты қабылдау – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Биыл фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып отыр. Қатысушылар құрамының жылдан-жылға күшеюі турнирдің халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы интеллектуалды спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Шахмат – жастарды білімге, тәртіпке және табандылыққа тәрбиелейтін маңызды спорт түрі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да қолдай береміз», – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Аймақ басшысы сондай-ақ турнирдің Владимир Дворковичтің есімімен аталуында ерекше мән бар екенін атап өтті. Кезінде еңбек жолын Ақтөбеде бастаған көрнекті халықаралық арбитрдің мұрасын дәріптеу – шахматтағы дәстүр мен сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Турнирдің ішкі құрылымы мен оның қазақстандық шахматқа тигізер пайдасы туралы Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов  баяндап берді:

«Aktobe Open әлдеқашан аймақтық турнир деңгейінен асып түсті. Әлемдік деңгейдегі гроссмейстерлер бұл жерге мақсатты түрде келеді, өйткені мұнда ұйымдастыру жұмыстарының жоғары, құрамның мықтылығын және шахматқа деген көзқарастың салмақты екенін жақсы біледі. Бірақ біз үшін тағы бір жайт өте маңызды. Біз турнир форматын әртүрлі деңгейде жұмыс істейтіндей етіп жүйеледік. Masters кезеңінде рейтингі 2400-ден жоғары қазақстандық жас ойыншылар әлемдік элита гроссмейстерлерімен тоғыз партия ойнайды – бұл ешқандай оқу-жаттығу жиыны алмастыра алмайтын мектеп. Ал Open турнирінде аймақтардан келген шахматшылар мүмкіндікке ие болады. Олар өз үйінде отырып-ақ халықаралық деңгейдегі мықты бәсекеге түседі. Сол үшін осындай ауқымды турнирлерді өткізудің мәні зор. Ақтөбе биыл шахмат әлемінің нағыз тартылыс орталығына айналды. Бұл – ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстан шахмат федерациясының, Ақтөбе облысы әкімдігінің және барлық серіктестердің бірлескен үлкен жұмысының нәтижесі. Осы дәстүрдің нығайып келе жатқанын көру үлкен қуаныш».

Осымен алтыншы рет өтіп жатқан Aktobe Open турнирі Қазақстанда шахматты дамыту өңірлерді жүйелі қолдаудан басталатынын айқын дәлелдейді. Мемлекет, федерация, жергілікті билік пен серіктестер бір бағытта жұмыс істегенде, әлемдік деңгейдегі турнирлер тек ірі орталықтарда ғана емес, бұған мақсатты әрі дәйекті түрде жағдай жасалған өңірлерде де бой көтереді. Дәл осындай тәсіл жекелеген жарысты игі дәстүрге, ал дәстүрді тұтас бір аймақтың өсу нүктесіне айналдырады.

Ұқсас жаңалықтар

Биыл 9 мыңға жуық этникалық қазақ елге оралды

admin_altyalash

Жаңа мәдениет нысанының ашылғанына өте қуаныштымыз

admin_altyalash

Төл табиғатымыздың тазалығы маңызды

admin_altyalash