Қазақстанда баламасы жоқ алғашқы «qamqor SOS» цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пункті Қонаев қаласында іске қосылды. Нысан халық көп шоғырланатын Қапшағай жағажайы аумағында орналасқан және тұрғындар мен туристерге шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндік береді. Сырқаттанған немесе зардап шеккен азамат модульдік пунктке келіп, арнайы SOS батырмасы арқылы жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерімен бірден байланыса алады. Медицина қызметкері қашықтан модульді ашып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық береді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көлемі 2×2,5 метр болатын модуль тәулік бойы жұмыс істейді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге арналған. Оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер мен заманауи жабдықтар орналастырылған. Атап айтқанда, дефибриллятор, жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуге арналған стерильді бикс, жедел коронарлық синдром кезінде қолданылатын медициналық жинақ, брезент көрпе және тот баспайтын болаттан жасалған кушетка бар.
Пункт үздіксіз интернетпен, 360 градус сыртқы бейнебақылау камерасымен, SOS дабыл жүйесімен, қашықтан басқарылатын телемедицина кешенімен, ақпараттық дисплеймен және ішкі бейнекамералармен жабдықталған. Диспетчер бейне және аудиобайланыс арқылы науқастың жағдайын бағалап, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулар береді. Сондай-ақ пункттегі медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді пайдалану тәртібін түсіндіреді.
Модульдің сыртқы қаптамасы жоғары беріктігімен ерекшеленетін HPL-панельдер мен тот баспайтын болаттан жасалған. Бұл оның әртүрлі климаттық жағдайларға төзімділігін және ұзақ мерзім қызмет етуін қамтамасыз етеді. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, жоба өңірдегі шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
«Бір модульдік пункт тәулігіне шамамен 50 адамға дейін алғашқы медициналық көмек пен кеңес беру қызметін көрсете алады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткіш жоғары болуы мүмкін. Біз тұрғындарға шұғыл медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Айта кетерлігі – мұндай форматтағы модульдік жедел медициналық көмек пункттері Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отыр», – деді Ержан Сүлейменов.
Жоба аясында жыл соңына дейін Алматы облысының туристік және рекреациялық аймақтарында барлығы 11 цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пунктін орнату жоспарланған. Олар Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауында, «Түрген» тау шаңғысы курортында, «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» Mountain Resort-та, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығында, «Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерінде, «Арасан» шипажай-курорттық аймағында, сондай-ақ «Шарын», «Іле-Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Алтын-Емел» ұлттық парктері мен «Таңбалы» мемлекеттік қорық-мұражайы аумағында орналастырылады. Әрбір пункт белгілі бір туристік нысанға бекітіліп, сол аумақтағы тұрғындар мен келушілерге тұрақты қызмет көрсетеді.
«Туристік орындарда демалып жүрген азамат оқыстан ауыр жарақат алса, немесе қан қысымы көтерілу, күн өту, үсік шалу сияқты жағдайларға тап болса, осындай медициналық модульге кіріп, медициналық қызметкердің көмегіне онлайн жүгіне алады. Жоба төтенше жағдай туралы жедел хабар беруге, медицина мамандарымен дереу байланыс орнатуға және жедел жәрдем келгенге дейін қажетті көмекті ұйымдастыруға да мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.
Жобаны Алматы облысының әкімдігі, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, туристік аймақтардағы төтенше жағдайларда әрекет ету уақытын қысқартуға және өңірдің денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.
