Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарЖаңалықтарЭкономика

Елімізде 2026 жылғы егіс науқаны табысты аяқталды: егінді әртараптандыру, су үнемдеу және шаруаларды қолдаудағы жүйелі өзгерістер

Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде елімізде 2026 жылғы егіс науқаны аяқталды. Көктемгі дала жұмыстары еліміздің барлық өңірінде белгіленген агротехникалық мерзімде жүргізілді.

Науқанның уақтылы жүргізілуіне Үкімет атарпынан қабылданған мемлекеттік кешенді қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, шаруаларды қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге басымдық берілді.

Қабылданған шаралар егіс жұмыстарының тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру үшін қосымша жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Фермерлерді ерте қаржыландыру және тиімді қолдау тетіктері

Биыл Қазақстандағы жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Барлық аймақта жаппай егіс жұмыстарының басталғанға дейін  топырақты дайындауға бағытталған міндетті агротехникалық жұмыстар жүргізілді: ылғалды сақтау, егіс алдындағы өңдеу және көктемгі жер жырту.

Ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша жүргізілген егіс жұмыстарының құрылымы келесідей:

  • дәнді дақылдар – 14,6 млн гектар;
  • майлы дақылдар – 4,2 млн гектар;
  • мал азықтық дақылдары – 1,2 млн гектар;
  • мақта – 166 мың гектар;
  • көкөніс дақылдары – 120 мың гектар;
  • картоп – 126 мың гектар;
  • бақша дақылдары – 84 мың гектар;
  • қант қызылшасы – 22 мың гектар.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан егіс науқандарын ерте қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл механизм егіншілерге қажетті қаржы ресурстарын алдын-ала тартуға, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен техниканы ең тиімді бағамен уақтылы сатып алуға, сондай-ақ егіс жұмыстарын жүргізуге сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің маусымдық баға өсіміне тәуелділігі төмендейді, егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қамтамасыз етілуде.

2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер қабылдау бұған дейінгіден ерте, 2025 жылдың қазан айында басталды. Жалпы, 2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыру үшін 750 млрд теңге бөлу жоспарланған, 2025 жылы да осы көлемде қаржы бөлініп, 8,5 млн гектарға егін егілген болатын. Осы желі бойынша 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 573 млрд теңгеге қаржыландырылды, бұл 6,8 млн гектардан астам алқапта егін егуге мүмкіндік берді.

Кепіл базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде мемлекеттік кепілдік беру бағдарламасының енгізілгені негізгі көмек болды. 2025 жылы осы құрал аясында 283 млрд теңге несие сомасына 1633 кепілдік берілді. 2026 жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 16 млрд теңге қарастырылды: науқан аясында 273 млрд теңге көлеміндегі несиеге 1733 кепілдік берілді.

Қаражатты фермерлерге дейін жеткізу енді операторлардың кең ауқымды желісі арқылы жүзеге асырылады, олар:

  • Аграрлық несие корпорациясы (АНК);
  • Екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ);
  • микроқаржы ұйымдары (МҚҰ);
  • өңірлік инвестициялық орталықтар (ӨИО),
  • кредиттік серіктестіктер (КС);
  • әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК).

Өңірлердегі көктемгі дала жұмыстарының барысы

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері дәстүрлі түрде Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары болып қала береді. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі көбінесе осы аймақтардағы егіс жұмыстарының нәтижелеріне байланысты, сондықтан олар үнемі ерекше назарды ұсталады.

Мәселен, СҚО-да егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрады. Егіс құрылымын әртараптандыру шеңберінде дәнді дақылдар алқабы 2,9 млн гектарға дейін оңтайландырылды, оның ішінде бидай – 1,9 млн гектар. Бұл ретте жоғары сұранысқа ие дақылдарға баса назар аударылып отыр: майлы дақылдар алқабы екінші жыл қатарынан 1 млн гектарға жеткізілді. Жемшөп дақылдары 405 мың, картоп 8,6 мың, көкөністер 1,4 мың гектар алқапты алды.

Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы техникасы паркі қарқынды түрде жаңартылуда. Биыл бұл көрсеткішті 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 90 млрд теңгеге 3,5 мың техника сатып алу қарастырылған, оның ішінде 29,9 млрд теңгеге бүгінде 770 данасы сатып алынды.

Ақмола облысында жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарды құрады. Әртараптандыру аясында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың алаңы 4,5 млн гектарға дейін, 184,6 мың гектарға қысқартылды. Соның есебінен анағұрлым сұранысқа ие бағыттар кеңейтілді: майлы дақылдардың егісін 220 мың гектарға ұлғайтылып, олардың көлемі 715 мың гектарға жетті, ал мал азықтық дақылдар 34,1 мың гектарға артып, 370,7 мың гектарды құрады. Картоп пен көкөніс тиісінше 8,6 мың гектар және 1,5 мың гектар аумаққа орналастырылды.

Егістік жұмыстармен қатар өңір жоғары логистикалық және индустриялық әлеуетін де көрсетіп отыр. Жыл басынан бері облыстың астық қабылдау кәсіпорындарынан экспортқа 1,9 млн тонна астық жөнелтілді.

Аршалы ауданында жылына 3 млн тоннаға дейін шикізатты өңдейтін ірі астықты терең өңдеу зауытын салу өңдеу саласын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Кәсіпорында натрий глутаматы, лизин және басқа да өнімдер өндіру жоспарланған. Жоба «Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd.» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жүзеге асыру кезеңі 2026–2028 жылдарға жоспарланған, инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайды. Жоба алғашқы кезеңде 1 мыңға дейін, толық қуатқа шыққанда 3 мыңға дейін жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы техникасын белсенді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 2025 жылғы 7%-бен салыстырғанда 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қаңтар–мамыр айларында өңір шаруалары жалпы құны 38,4 млрд теңгені құрайтын 789 бірлік техника сатып алды.

Қостанай облысында көктемгі егіс науқанының жалпы көлемі 5,2 млн гектар деңгейінде жоспарланды. Диверсификация аясында бидай үлесін қысқарту есебінен майлы дақылдардың алқабы 887 мың гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар 212,3 мың гектарға, картоп 7,5 мың гектарға және біржылдық шөптер 107 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Науқанды жүргізу үшін 1–3 сыныптағы кондициялық тұқымдардың 514,2 мың тоннасы пайдаланылды, сондай-ақ литрі 281 теңгеден аспайтын жеңілдетілген дизель отынының 73,3 мың тоннасы бөлінді.

Бұл ретте өңір астықтан ұн өңдеу бойынша республикадағы көшбасшы орнын сақтап келеді. Облыстың үлесіне еліміздегі ұн өндірісінің 30%-ы тиесілі. Өңірде жылдық қуаттылығы 2 млн тоннаға дейін жететін 35 диірмен кешені жұмыс істейді. 2024–2025 жылдары астық өңдеу саласында жалпы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал 2027–2028 жылдары жылына 415 мың тонна бидайды терең өңдеу қуаты бар Qostanai Grain Industry зауыты мен Tobol center KZ кешенінің құрылысы жоспарланған.

Егін егу алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу

Президент тапсырмаларына сәйкес, биылғы егін егу науқанында жоғары табысты және стратегиялық маңызы бар дақылдарға басымдық берілді. Нәтижесінде майлы дақылдардың егіс алқабы 74 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 4 млн гектардан асады. Ал мал азықтық дақылдарға 3,3 млн гектардан астам жер бөлініп, олардың алқабы 237 мың гектарға кеңейтілді.

Сонымен қатар бидай егістігі алқаптарын кезең-кезеңімен оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде бидай егісінің көлемі 12,1 млн гектарға дейін қысқартылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 125 мың гектарға азайды. Егіс алқаптарын қысқарту бағытындағы түзетулер жүгері дақылының егісіне де қатысты.

Үкімет республикадағы оңтүстік өңірлерге ерекше назар аударуда, мұнда ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын жүйелі түрде оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Су пайдаланудың нақты теңгерімі негізге алынып, егіс құрылымы су ресурстарын пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестікте бекітілді.

  • Республика бойынша күріштің егіс алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды.
  • Мақта шаруашылығында су үнемдеу бағытына арналған технологиялық өзгеріс жүзеге асырылды: дәстүрлі суару әдістерін 12 мың гектарға қысқарту есебінен, тамшылатып суару технологиясы енгізілген мақта алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғайтылды.

Жеңілдетілген бағадағы дизель отынымен қамтамасыз ету

Энергетика министрлігі еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаттарын ескере отырып, көктемгі егіс науқанына 402,3 мың тонна дизель отынын бөлді.

Үкімет фермерлер үшін жанар-жағармай материалдарының құнын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. Операторлық шығындарды қоса есептегенде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдетілген дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 281 теңге деңгейінде белгіленді. Бұл елдегі жанармай құю станцияларындағы орташа бөлшек бағадан 15%-ға төмен. Қазіргі таңда бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы литріне 330 теңге.

Бекітілген жеткізу кестесіне сәйкес, жалпы көлемі 402,3 мың тоннаны құрайтын жоспар аясында аграршылар 324,8 мың тонна дизель отынына келісімшарт жасап, төлем жүргізген. Бұл жалпы жоспардың 81%-ы. Іс жүзінде өңірлерге 300,9 мың тонна немесе жеңілдетілген отынның жалпы көлемінің 75%-ы жөнелтіліп, жеткізілді.

Машина-трактор паркін жаңғырту және мемлекеттік қолдау тетіктері

Оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жоғары өнімділік машина-трактор паркінің техникалық дайындығының арқасында қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының қарамағында 133,9 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы болды. Егістік алқаптарында сервистік қызмет көрсетуді 70 мамандандырылған орталық қамтамасыз етті.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өткен кезеңде егіншілер шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алып, техникалық паркті  жыл сайын жаңару деңгейін 6,5%-ға жеткізді. Алдағы егіс науқаны қарсаңында Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне техника паркін жаңғырту қарқынын жеделдету міндетін жүктеді. Осы мақсатта Үкімет отандық машина жасау саласын дамытуға бағытталған өзара байланысты қолдау бағдарламаларының кешенін іске қосты.

Солардың бірі – фермерлер арасында жоғары сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру бағдарламасы. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бағдарламаны қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайтылды. Егер өткен кезеңде отандық өндірістегі техниканы лизингке алуға бюджеттен 250 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа кемінде 300 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Қабылданған шаралар аграршыларды егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары өнімді техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, сабақтас өнеркәсіп салаларының дамуына да қосымша серпін беруіне мүмкіндік жасады.

Ұқсас жаңалықтар

«Бала тілді ойлап жүріп емес, ойнап жүріп сіңіреді» – Динара Мейрамқызы

admin_altyalash

Жайлы өмір сүруге жағдай жасау – еліміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі

admin_altyalash

Желіде Шавкаттың Иэн Гэрримен бірге спарринг өткізген видеосы тарады

admin_altyalash