Заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті коституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Қазақстандағы саяси-құқықтық реформалардың жалғасуы мен жаңа конституциялық жобаның маңызы туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, елдегі саяси-құқықтық реформалар жүйелі әрі эволюциялық жолмен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 11 маусымда билікке келген кездегі инаугурациядағы сөзінде айтылған саяси жаңғыру қағидаттарына негізделген.
«Қазақстандағы саяси-құқықтық реформалар Мемлекет басшысы 2019 жылы билікке келген кезде жариялаған эволюциялық даму бағытына сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Сондықтан ұсынылып отырған конституциялық жоба – осы реформалардың жалғасы әрі жаңа кезеңі», – деді Жамаладен Ибрагимов.
Профессордың пікірінше, егер конституциялық жоба референдум нәтижесінде қабылданса, ол мемлекеттегі билік тармақтарының орнықтылығын күшейтіп, олардың өзара қарыс-қатынас тетіктерін жетілдіруге ықпал етеді. Сонымен қатар адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдері нығаяды.
«Бұл өзгерістер мемлекеттегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі құқықтық дамуының жоғары деңгейін көрсетеді. Қазіргі таңда халықаралық әріптестер мен сарапшылар да жаңа конституциялық бастамаларға өз пікірлерін білдіріп жатыр», – деді ол.
Сарапшы алдағы референдум елдің бірлігі мен саяси тұрақтылығына әсер ететін маңызды қадам екенін атап өтті.
«Халқымызда «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз бар. Референдум нәтижесі қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың көрінісі болмақ. Мұндай маңызды шешімдерде азаматтардың белсендігі елдің болашағына деген жауапкершілікті көрсетеді», – деді профессор.
Жамаладен Ибрагимовтің айтуынша, конституциялық реформаның экономикалық және саяси маңызы да зор. Жобада халықаралық шарттар мен міндеттемелердің нормалары ел Конституциясына қайшы келген жағдайда олардың қолданылу мәселесін конституциялық бақылау арқылы қарастырылады.
«Бұл мемлекеттің конституциялық егемендігін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құқықтық жүйенің айқындығы мен тұрақтылығы шетелдік инвесторларға түсінікті әрі сенімді орта қалыптастырады», – деді ол.
Сарапшы әлеуметтік саладағы өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, жаңа нормаларда еңбек қатынастарына қатысты құқықтық кепілдіктер күшейтіледі.
«Конституцияда «еңбек еркіндігі» ұғымының орнына «еңбек құқығы» нормасының енгізілуі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құқықтық қатынастарды нақтылай түседі. Бұл еңбек қауіпсіздігіне, әлеуметтік қорғалуға және әділ еңбекақы алуға кепілдік береді», – деді профессор.
Сонымен қатар мемлекет азаматтардың тегін орта білім алуына және медициналық көмекке қол жеткізуіне кепілдік беру арқылы әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайтады.
Профессордың айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – оның адамға бағытталуы. Құжатта адамның қадір-қасиеті, сөз және ой еркіндігі, шығармашылық еркіндік, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері нақты көрсетілген.
«Адам және оның құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің ең басты құндылығы. Конституция азаматтардың құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың сақталуына нақты кепілдіктер қалыптастырады», – деді Жамаладен Ибрагимов.
Оның айтуынша, жаңа нормалар цифрлық дәуірдің талаптарын да ескереді. Атап айтқанда, азаматтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық құқықтарды қамтамасыз ету мәселелері конституциялық деңгейде бекітіледі.
«Қазақстан жаңа дәуірге қадам басып отыр. Сондықтан цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде бекіту, азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау және жасанды интеллект дәуіріндегі қауіп-қатерлерге құқықтық негіз қалыптастыру – уақыт талабынан туындаған шешім», – деді профессор.
Сарапшының пікірінше, конституциялық реформаның негізгі мақсаты – билік тармақтарының тепе-теңдігін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі нығайту.
«Конституциялық реформа – Қазақстанның құқықтық дамуының жаңа кезеңі. Ол мемлекеттегі саяси жүйенің дамуына бағыт беріп, қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуына құқықтық негіз қалыптастырады», – деп түйіндеді Жамаладен Ибрагимов.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.