«Жастар және сайлау» республикалық форумы аясында алғаш рет Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров еліміздің барлық өңірлерінен келген Жас сайлаушылар клубтарының (ЖСК) мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында клубтардың мүшелері электоралдық мәдениетті жоғарылату бағытындағы жобаларын таныстырды.
Кездесудің негізгі мақсаты сайлау комиссиялары мен жастар арасында тұрақты тікелей диалог орнату болды. Іс-шара барысында Клуб мүшелері жүзеге асырып жатқан жобаларын таныстырды және электоралдық мәдениетті қалыптастыру, жас қазақстандықтарды сайлау процестеріне тарту жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шараны өткізу бастамасы клуб қозғалысының қатысушыларының өздерінен шыққан. Солардың қатарында Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Жас сайлаушылар клубының мүшесі Мейірман Меңдібай да бар.
Форумға еліміздің барлық өңірлерінен келген Жас сайлаушылар клубтарының 60 мүшесі, сондай-ақ облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Кездесуді ашқан ОСК Төрағасы клубтық қозғалыстың электоралдық мәдениетті қалыптастырудағы негізгі институттық рөлін атап өтті: «Жыл сайын Қазақстанда 300 мыңнан астам азамат алғаш рет дауыс беру құқығына ие болады. Біздің міндетіміз – бұл үдерісті олар үшін түсінікті әрі қолжетімді ету, сол үшін олармен жұмысты алдын ала бастау. Жастармен тікелей әрі мазмұнды диалог орнату маңызды – дәл осы тәсіл жауапты әрі саналы қатысуды қалыптастырады», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Қатысушылар арасында өз өңірлерінде іске асырылып жатқан электоралдық саладағы қолданбалы шешімдер мен бастамаларды таныстырған клуб мүшелерінің баяндамалары да үлкен қызығушылық тудырды.
Аталған кездесуді өткізу туралы ұсыныстың бастамашысы, Қызылорда облысының жас белсендісі Мейірман Меңдібай өңірдегі ЖСК жұмысын таныстырып, жас сайлаушылар арасындағы стартап әзірлеушілерге арналған сыйлық тағайындау идеясын көтерді.
Алматы қаласының Жас сайлаушылар клубының мүшесі Бауыржан Маханбет жастарды ақпараттандыруға арналған инновациялық құралдардың кешенін ұсынды: ағартушылық комикстер мен Telegram-боттан бастап, мектеп және студенттік сайлау модельдерін енгізу, білім беру форматтарын дамыту және депутаттық корпуспен өзара іс-қимылға дейінгі бастамаларды қамтыды.
Орал қаласының Жас сайлаушылар клубының төрағасы Сабыржан Лиас студенттік ректор сайлауын ұйымдастыру тәжірибесін таныстырды. Ол жас сайлаушыларға арналған ақпараттық модуль әзірлеу және республикалық пікірсайыс турнирін өткізу бастамасын ұсынды.
Павлодар облысының Жас сайлаушылар клубының мүшесі Айша Таласова мектеп оқушыларына арналған «Сайлау қалай өтеді: ішкі көзқарас» атты авторлық жобасын, сондай-ақ білім беру ұйымдарында клубтар қызметін дамыту және жастар бастамалары көшбасшыларын даярлау тәжірибесін таныстырды.
Астана қаласы клубының мүшесі Азат Тенгебаев жастардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық белсенділігін арттыру, олардың референдумға практикалық қатысуы мәселелерін көтерді. Жас белсенді жасанды интеллектті қалай қолданатынын айтып өтті: чат-боттар, сондай-ақ Астана тәжірибесі негізінде мультфильмдер мен қысқа роликтердің сайлау үдерістерін қарапайым тілмен түсіндіруге көмектесетінін атады. Елордалық жастардың жоспарында – фейктерге қарсы «Цифрлық қалқан» жобасын іске қосу, сондай-ақ қатысқаны және дұрыс жауаптары үшін ынталандыру берілетін цифрлық квест әзірлеу бар.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті студенттері Нұрбол Оңалбеков және Нұрбек Әбілдаев кибералаяқтыққа қарсы бағытталған және жалған ресурстарды анықтауға мүмкіндік беретін Qalqan AI жобасын таныстырды.
Қатысушылардың жекелеген бастамалары клуб қозғалысын одан әрі институционалдық дамытуға бағытталды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы Жетісу құрылыс-техникалық колледжінің студенті Санжар Сағатбек форумды жыл сайын өткізу туралы ұсыныс білдірді. Өз кезегінде Ақмола облысынан келген Лиза Есенбол сайлау туралы арнайы онлайн-платформа құру бастамасын көтерді, Жамбыл облысынан келген Айбек Қадралиев ЖСК мүшелері үшін форумдар мен лагерьлер ұйымдастыру қажеттігін айтты, ал оның әріптесі Дархан Байпақ аудандық клубтарды белсендірек тарту және ең белсенді қатысушыларды жыл сайын марапаттау жүйесін енгізу жөнінде пікір білдірді. Қарағандылық Асылай Қонысова клубтардың қызметін үйлестіру мақсатында республикалық ЖСК төрағасын сайлауды ұсынды.
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы клубтардың белсенді қызметін атап өтіп, Алматы қаласының Жас сайлаушылар клубының мүшесі, «Болашақтан дауыс» комикстер сериясының теңавторы Руслан Муржановқа, сондай-ақ Қызылорда облысындағы 9-сынып оқушысы, жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып комикстер сериясын әзірлеген және өңір мектеп оқушылары арасында кең қызығушылық тудырған Аяжан Мөңкебайға алғыс хат табыстады.
Кездесу қорытындысы бойынша Жас сайлаушылар клубтарының қызметі жекелеген бастамалар шеңберінен шығып, тұрақты жүйелі сипат алып келе жатқаны атап өтілді. Клубтар тек қатысуды арттыру тетігі ғана емес, сонымен қатар сайлау процесін сапалы түсінуді қамтамасыз ететін, құқықтық мәдениетті дамытуға және жастардың өз сайлау құқықтарын жүзеге асыруға саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған маңызды платформа ретінде қалыптасып отыр.
Анықтама ретінде: бүгінгі таңда Жас сайлаушылар клубтары еліміздің барлық өңірлеріндегі 248 клубта 3 мыңнан астам қатысушыны біріктіріп, Қазақстан Республикасында электоралдық мәдениетті қалыптастыру жүйесіне интеграцияланған, қарқынды дамып келе жатқан қауымдастықты білдіреді.
Осы күні форум аясында өңірлік аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларымен кеңес өткізіліп, оның барысында сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізудің негізгі мәселелері талқыланды.



