Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Қоғам

Қазақстан – әрбір адам заң талаптарын бұлжытпай сақтауға міндетті зайырлы мемлекет

Парламент Мәжілісінде өткен сталкинг пен қыз алып қашуға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында өрбіген пікірталасқа қатысты өз пікірімді білдіргім келеді.

Өткен жылдың күзінде қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін заң күшіне енді.

Біз бұл мәселені 2023 жылдан бастап көтеріп келеміз, сондай-ақ сараптамалық және түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіздік.

Ең алдымен, айқын жайтты атап өткен жөн: адам ұрлаудың кез келген түрі заң талаптарын өрескел бұзу болып табылады.
Бұл құқыққа қайшы әрекет мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, отбасылық немесе кез келген өзге де өмірлік мән-жайларға сілтеме жасау арқылы ешқандай ерекшелік ретінде танылмайды және ақтауға жатпайды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес адам ұрлау қылмысы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жазаға әкеп соғады. Бұл қылмыстың қазақ халқының дәстүрлеріне де, әдет-ғұрып құқығына да ешқандай қатысы жоқ.

Неке ұғымы Қазақстан Республикасының Конституциясында «мемлекет белгілеген тәртіппен тіркелген ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы» ретінде бекітілген. Бұл норманың өзге түрде түсіндірілуіне жол берілмейді.

Егер екі кәмелетке толған азамат отбасы құру туралы шешім қабылдап, ата-анасының үйінен бөлек шықса, заң оларға бірлескен өмір сүру құқығын жүзеге асырудың заңды жолын уәкілетті органда қатынастарын тіркеу арқылы ұсынады.

Қазақстан Республикасының азаматтарын Конституция мен өзге де заңдардың талаптарын қатаң сақтауға шақырамын.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
Артур Ластаев

Ұқсас жаңалықтар

Креативті индустрия не үшін керек?

admin_altyalash

Серікжан Біләш өмірден озған Мұхтар Шахановқа тіл тигізді

admin_altyalash

2026 жылдың басынан бері «Жастар практикасы» аясында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

admin_altyalash