Жуырда белгілі ақын һәм білікті ғалым Бауыржан Жақыптың Алматыдағы «Әдебиет» баспасынан шыққан «Жүректен қозғайын» деп аталатын қомақты кітабы оқырманға жол тартты. Мұнда оның әдеби сын мақалалары мен әдеби портреттері, эсселер мен естеліктері топтастырылған.
Автор бұл жолғы кітабында сыншылық қырынан танылып отыр. Соның айғағындай ол арғы Абай, Ахмет, Ілияс, Қасымнан бастап, орта тұстағы Төлеужан, Мұқағали, Төлеген, кейінгі буын Несіпбек, Ұлықбек, Темірхан, Рафаэль және өзінің замандастары Бейбіт Құсанбек, Есжан Айнабеков, Нұрлан Мәукенұлы, Бауыржан Үсенов сынды тағы басқа қаламгерлердің шығармалары туралы кеңінен сөз қозғап, жан-жақты талдаған. Құрғақ талдау, сараптамамен шектелмей, белгілі қаламгерлердің белгісіз қырлары, яғни адами болмыс-бітімі туралы толғаныстарын толқи отырып оқисыз, таңдай қағып, таңырқайсыз. Бұл орайда оның өзінің ақындығы мен ғалымдығы кәдеге жарап, сыншылық қырын әрлей түскен бе дейміз.
Кейінгі жылдары әдебиетімізде сын жанры біржола жоғалмаса да, деңгейі төмендеп, азайып бара жатқаны рас. Оның сыртында сыни кітаптар жоққа тән. Ал бұрынғы оқырман дуалы ауыз сыншының назарына іліккен кітаптарды іздеп жүріп оқитын-ды. Бүгін болса, кімнің не жазып жатқаны белгісіз. Аз ғана данамен шыққан кітап оқырман қолына тимей қалады. Сол себептен де қаламгерлердің шығармашылық лабораториясы туралы қатардағы оқырман түгілі әдебиет майданында бірге жүрген әріптестері де біле бермейді. Бауыржанның мына қабырғалы еңбегі арқылы сол олқылықтың орны біршама толыққан сияқты.
Оның үстіне аруақ риза болмай, тірі байымайды дегендей, қазақ әдебиетінің бұрынғы, соңғы ардагер абыздарын ұмытуға болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда да автор діттеген мақсатынан шыға білген. Соның бәрі жоғарыда айтқандай, жалаң мақтау, мадақтау емес, шындық тұрғысында тартымды сөз болып қозғалғаны қуантады.
Иә, Қадыр ақын айтпақшы, жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді. Бауыржанның «Жүректен қозғайын» деп аталатын жаңа кітабы соған сендіреді.