– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында әділдік идеясы қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келетінін атап өтті.
Оның айтуынша, «Әділетті Қазақстан» – бір жағынан мемлекеттік идеологияның өзегі әрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге, бұл – қоғам санасына орныққан болашақтың бет-бейнесі.
«Шын мәнінде, «Әділетті Қазақстан» идеясы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап әділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген еді. Одан кейін 2019 және 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы «Әділдік» ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып жатқанын атап өтті. Мысалы, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әлеміне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңымызда бекітілді. Бұл қағидат іс жүзінде «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама арқылы жүзеге асырылды. Соған сәйкес бұдан былай Ұлттың қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балаларға арналған жинақтаушы есепшоттарға тең бөліп аударылады.
«Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жат-қан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге арналған. Президенттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байыптамасының түпкі мәні осында жатыр», – деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі.