Ақтөбе облысында қысқа мал азығын дайындау жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Биыл өңірде шөп шабуға қолайлы жағдай қалыптасып, шаруашылықтар қажетті жемшөп қорын толық жасақтады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 628 мыңнан астам ірі қара, 1,2 миллион қой-ешкі, 417 мыңнан астам жылқы және 26 мың түйе тіркелген. Оларды қыс мезгілінде азықпен қамтамасыз ету үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, облыста шөп, пішендеме, сүрлем, құнарлы жем және сабанды қосқанда 2 миллион 418 мың 500 тонна мал азығы дайындалды. Оның ішінде 2 миллион тоннадан астам шөп, 225 мың тоннадан астам құнарлы жем, 110 мың тонна сабан әзірленген. Қалған бөлігін пішендеме мен сүрлем құрайды. Осылайша, мал азығын дайындау бойынша негізгі жоспарлар толық орындалып, бірқатар көрсеткіш межеден асты.
Жемшөп дайындау науқанына облыс бойынша 1 400-ден астам трактор, 1 300-ден астам шөп шабатын техника және мыңнан астам шөп престегіш жұмылдырылды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары 3,7 млрд теңгеге 466 жаңа мал азығын дайындау техникасын сатып алды.
Сонымен қатар, шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға бюджеттен 4,2 млрд теңге қарастырылды. Мал азығын дайындау жұмыстарына қажетті жанармайды қолжетімді бағамен қамтамасыз ету үшін шаруаларға литрі 275 теңгеден 615 тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 35 мыңнан астам аула қысқы кезеңге қажетті шөп қорымен толық қамтамасыз етілді.
