Ерлік – ел жадында. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткен батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Биыл Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың Тараз қаласындағы лаңкестік әрекеттің жолын кесу кезінде ерлікпен қаза тапқанына 15 жыл толып отыр. Осыған орай Теміртау қаласындағы №12 орта мектепте батырдың есімі берілген «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Тағылымды бастаманың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң мен тәртіпке құрметпен қарауға тәрбиелеу және полиция қызметінің қоғамдағы маңызын түсіндіру.
Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы «Жас сақшы» сыныбына 8-сыныпта білім алатын 30-ға жуық оқушы қабылданды. Салтанатты рәсім барысында олар полиция департаменті басшылығының, ұстаздар мен ата-аналардың алдында жас сақшы антын қабылдап, елге қызмет етуге, тәртіп пен жауапкершілікті ту етіп ұстауға уәде берді.
– Мен үшін бүгін ерекше әрі маңызды күн. «Жас сақшы» қатарына қабылданып, салтанатты түрде ант бердім. Алдағы уақытта антыма адал болып, Заң мен тәртіпті құрметтеуге, мектептегі қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесімді қосқым келеді, – деді 8-сынып оқушысы Аяру Манарбек.
Жас сақшыларды айтулы оқиғамен Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов құттықтады. Ол өз сөзінде мұндай бастамалардың жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, батырлардың ерлік жолын үлгі етуге және қоғамдық тәртіпті құрметтеуге ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ Талғат Мұғманов «Жас сақшы» сыныбының ашылуына атсалысқан мектеп әкімшілігі, ұстаздар мен ата-аналарға полиция департаменті бастығының алғыс хаттарын табыстады.
Іс-шараға полиция қызметкерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері, мектеп ұжымы, ата-аналар, Теміртау қалалық әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында ардагерлер мен полиция қызметкерлері оқушыларға Ғазиз Байтасовтың өмір жолы, қызметтегі табандылығы мен соңғы сәтке дейін антына адал болған ерлігі туралы әңгімеледі. Батырдың бейбіт тұрғындардың өмірін қорғау жолында жасаған жанқиярлығы жас ұрпаққа өнеге ретінде дәріптелді.
Салтанатты шара жас сақшылар үшін ерекше әсерге толы болды. Оларға полиция департаменті кинология қызметі орталығының қызметтік иттерінің мүмкіндіктері таныстырылып, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері өздерінің кәсіби шеберліктері мен тактикалық жаттығуларын көрсетті. Мектеп оқушыларының орындауындағы патриоттық әндер де шараның мазмұнын аша түсті.
Іс-шара соңында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы «Жас сақшы» сыныбының ашылу лентасы қиылды. Сонымен қатар оқушыларға «Батырдың есімі – ерліктің символы» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылды.
Ғазиз Байтасовтың есімі берілген бұл сынып – жай ғана білім беру бастамасы емес, жас ұрпаққа ерліктің мәнін ұғындырып, Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсететін тағылым мектебі. Батырдың өмір жолы мен ерлігі жас сақшылардың жүрегінде патриотизм мен жауапкершілік сезімін қалыптастырары сөзсіз.
