Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарДенсаулықЖаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА 500-ГЕ ЖУЫҚ ЖАҢА АТАУДАҒЫ ДӘРІЛІК ПРЕПАРАТ ӨНДІРІЛЕДІ

Қазақстанда сегіз ірі инвестициялық жоба аясында 494 атаудағы дәрілік препарат өндірісін жолға қою жоспарланып отыр.

Жобаларды іске асыру отандық дәрі-дәрмек өндірісін кеңейтуге, 1 200-ден астам жұмыс орнын ашуға және елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Сегіз жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі 391,3 млрд теңгені құрайды.

Өндіріс кезең-кезеңімен игеріледі. 2027–2030 жылдары 300 атаудағы дәрілік зат, ал 2031–2034 жылдары тағы 194 препарат өндіру жоспарланып отыр.

«Өз фармацевтикалық өндірісімізді дамыту – ең алдымен, елдің дәрілік қауіпсіздігі мәселесі. Қазақстан қажетті препараттар өндірісін жүйелі түрде кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуы маңызды», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, отандық фармацевтика өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің көлемі 37%-ға артып, 191 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың сегіз айында 157,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға жоғары.
Соңғы екі жылда салаға тартылған инвестиция көлемі 3,3 есе, ал экспорт көлемі 1,9 есе өсті.

Бүгінде дәрілік заттардың сатылған қаптамаларының жалпы көлеміндегі қазақстандық өндірушілердің үлесі 42%-ға жетті. Ал Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуындағы отандық өнімнің үлесі 79%-ды құрайды.

Саланы одан әрі дамыту үшін Министрлік өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу аясын кеңейтіп, отандық өнімді сатып алу тетіктерін жетілдіруді жалғастырады.

Жаңа жобаларды іске асыру еліміздің өндірістік әлеуетін нығайтып, қазақстандық дәрілік препараттардың ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

«АДАЛ АЗАМАТ» ЖӘНЕ «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ҚЫЗЫЛОРДАДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

admin_altyalash

Ербол Қарашөкеев Азия чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетті

admin_altyalash

Жабық кабинетте емес, елдің көзінше жазылды: Ерлан Қарин жаңа Конституцияны әзірлеудің ерекшелігін атады

admin_altyalash