Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында «Эйкос» шиналарды қайта өңдеу зауытында болды.
Кәсіпорынның негізгі қызметі — шина өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы. Мұнда 1495 адам жұмыс істейді. Жылына 1,5 мың дана шина өнімі сатылады. Шиналарды қайта өңдеу кешені жылына 12 150 тонна тозған шинаны қайта өңдеуге қауқарлы. Оның ішінде 2 мың тоннасы термиялық тәсілмен, 9 мың тоннасы механикалық әдіспен өңделеді. Зауыттың жобалық қуаты тәулігіне 50 тонна. Болашақта қуаттылықты 15 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Термиялық өңдеу арқылы жылына 600 тонна пеш отыны мен осынша тонна брикеттелген түйіршік шығарылады. Пеш отыны зауыттың өз қазандығында пайдаланылады. Механикалық өңдеу арқылы резеңке үгіндісі, металл сым мен тоқыма қалдықтары алынып, спорттық және ойын алаңдарына арналған жабын, суару шлангілері, резина төсеніштер, битум, абсорбенттер және резинотехникалық бұйымдар өндіріледі. Кәсіпорын өнім түрін көбейту мақсатында суару шлангілерін өндіруге қажетті технологиялық жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. Инвестициялар тарту арқылы өндірісті әртараптандыру көзделуде.
Аймақ басшысы зауыттың өндірістік цехтарын аралап, жұмыс процесімен танысты. Кәсіпорынның экологияны жақсарту, өнімді қайта өңдеу бағытындағы жұмысын жоғары бағалады.
«Эйкос» зауытының жұмысы өңір үшін маңызды. Бұл кәсіпорын экологиялық мәселелерді шешуге және экономиканы дамытуға үлес қосып отыр. Шиналарды қайта өңдеу арқылы қалдықтар азайып, жаңа өнімдер шығарылады. Кәсіпорын Семей қаласының көркеюіне үлес қосып, өз өнімдерін қолдана отырып ойын және спорттық алаң салып береміз деп отыр. Зауыттың өнімдері қалада жоғары сұранысқа ие. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз, өнімдеріне тапсырыс беруді бастап кеттік», – деді аймақ басшысы.