Жемқорлыққа қарсы күрес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Биік мінберлерден ас үйдегі дастарқанға дейін айтылатын мәселе осы. Қоғамның жегі құртын жоюға мемлекет те мүдделі. Түрлі бағдарлама іске асырылды. Тіпті аты дардай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де бар. Бірақ нәтижесі шамалы. Жемқорлық азаюдың орнына жауыннан кейінгі саңырауқұлақ секілді таусылар емес. Бір басын кессе, екінші басы өсіп шығатын грек мифологиясындағы Лирней айдаһары секілді. Енді қайтпек керек?
Шартараптың түкпір-түкпіріндегі коррупция деңгейін анықтайтын Transparency International ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстан 2022 жылы 180 елдің ішінде 101-орынға жайғасқан. Көңіл қуантарлық нәтиже емес. Былтыр аталған ұйым Қазақстанға ерекше көңіл бөліп, қаңтар қасіретінен кейін тоғызыншы территория жемқорлықпен күресте үлкен табысқа қол жеткізуі мүмкін деп сенім білдірген-тұғын. Бірақ парамен ұсталғандардың көптігіне қарамастан, коррупция деңгейі азаяр емес.
Мәселен, 2021 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 892 адам сотталды. Соның ішінде ішкі істер органдарының үлесі жоғары. Құқықты қорғауға тиіс 207 қызметкер заң бұзған. Бұдан бөлек, әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің 150 қызметкері қолға түскен. Министрліктерде, ұлттық қауіпсіздік органдарында, тіпті прокуратурада жұмыс істейтіндер арасынан жеңіл ақшаға құмартатындар табылған. Әкімдер мен судьялар да сүттен ақ, судан таза емес.
2015 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрбір үшінші қылмыс пара алуға қатысты болған. Ал 2021 жылы оның мөлшері 67 пайыздан асыпты. Оның үстіне, аса ауыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты ұсталғандардың, тұтқындалғандардың және бас бостандығынан айырылғандардың саны өсті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті деректеріне сүйенсек, 2022 жылы коррупцияға қатысты 2191 іс қозғалған. 1376 адам сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінсе, соның 1099-ы қылмыс жасағаны анықталған. Қысқасы, сыбайлас жемқорлық азаймай тұр.
Ендеше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыс тиімділігін көрсетпесе, бәлкім онымен күрес тәсілін өзгерткен дұрыс шығар? Осы орайда, ғылыми ортада танымал «Ақ аю феномені» тәжірибесі еске түседі. Сонау 1985 жылы АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында өте қызықты сынақ жүргізіліпті. Зертханаға келген 17 студентке ақ аю туралы ойланбау тапсырылады. Қатысушылар қанша тырысқанымен, бәрібір қайта-қайта полярлық жыртқышты еске түсіре берген екен. Бұған қатысты қызықты жағдай, атақты жазушы Лев Толстойдың да басынан өткен. Бала күнінде ағасы оны бұрышқа отырғызып, ақ аю туралы ойдан арылғанша орнынан тұрмауды тапсырады. Сөйтіп, бір айналып келгенде жазушының әлі орнынан қозғалмай отырғанын көріпті.
Ғалымдар мен психологтер мұндай феноменнің себебін адам миымен байланыстырады. Яғни адам ойланбауға тырысқан сайын сол мәселе маза бермейді. Шыбын секілді ызыңдап, дыбысы құлағынан кетпейді. Өйткені ұстамдылық пен тыйым салуға жауап беретін ми аймақтары әртүрлі. Сондықтан санадағы екі бөлік өзара бәсекеге түседі. Осылайша, дейді психологтер, тыйымға жауапты аймақ қайта-қайта оны еске түсіре бергендіктен ақырында адам сол ойдың бекер емес екеніне сене бастайды деп қорытындылайды.
Мидың осындай қызық феноменінің салдарынан жемқорлыққа қарсы екенін желеулетіп жүретін саясаткер күндердің бір күнінде парамен ұсталады, құпия сақтаймын деп ант-су ішкен адам бүкіл сырын жайып салады. Отбасындағы береке туралы тренинг өткізіп жүрген адам ақырында ажырасып тынады. Тіл туралы толғанған қайраткердің бала-шағасы басқа тілде сөйлейді. Сонымен қатар ғалымдар «Ромео мен Джульетта» психологиялық әсерін де еске түсіреді. Соған сәйкес, сүйгеніне қосылуға рұқсат берілмесе, оған құштарлық та артады. Ғалымдардың пайымдауынша, мұндай психологиялық әсер бүкіл салада байқалады. Сол секілді жемқорлыққа қарсы күрес қаншалықты қарқынды жүрсе де, оған құмарлар саны соншалықты көбейе береді.
Психологтер мұны жеңу үшін мәселенің бар екенін қабылдау қажет деп есептейді. Сондай-ақ тыйым салуды күшейте бермей, оған қарама-қарсы нәрсені насихаттау керек деп пайымдайды. Жемқорлыққа қарсы күрес елімізде неғұрлым күшейгенімен, парақорлардың соғұрлым азаймауы да сол себепті шығар. Бәлкім, жемқорлыққа қарсы күресті қайта-қайта еске сала бергеннен гөрі, адалдықты насихаттаған жөн бе деген ой мазалайды…