Аутизм деген сөзге үрейлене қараймыз. Бірақ күн сайын гаджеттің алдында телміріп отыруды қалыпты жағдай санап, смартфонсыз бір сағат қалудан қорқамыз. Ғалымдар ми қызметі бұзылуының жаңа, әлі зерттелмеген түрін «цифрлы аутизм» деп баға берген.
Яғни, компьютер, гаджетте тәулігіне 4 сағаттан артық отыратын балалар мен ересектердің бойында аутизмге ұқсас белгілер пайда болады.
Технологияның қарыштап дамуымен бірге қолданысымызға түрлі термин енуде. Мәселен, номофобия деген ұғым бар. Бұл адамдардың байланыссыз қалудан қорқуы. Үйде смартфонын ұмытып кеткен адам осындай мазасыздықты бастан кешеді. Бұл термин 2008 жылы пайда болып, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Ал әлеуметтік желідегі ақпараттардан хабарсыз қалудан қорқатындар – фомофобияға ұшырағандар. Бұл термин де 2013 жылы ресми түрде Оксфорд сөздігіне енген. Мұндай психологиялық дертке душар болғандар әлеуметтік желі қолданушыларының жылы сөзі мен жағымды пікіріне мұқтаж. Ғалымдар бұл ахуал туралы «ХХІ ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті, оны психикалық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған. Осылайша, медициналық терминдердің ресми тізіміне кірмесе де, қоғамда «цифрлы аутизм» дерті белең алып барады. Әсіресе, бүлдіршіндердің цифрлы аутизмге шалдығуы көп кездеседі.
– Цифрлы аутизм балалардың бір жарым жасынан бастап дами бастайды. Бұл мәселені айтып дабыл қағып жүргенімізге біраз болды. Әдетте сәбилер тыныш отырмаса, ата-аналар мазасын алмау үшін қолына планшет ұстатып, тамақ береді. Цифрлы аутизмнің алғашқы кезеңі де осы кезде басталады. Бұл өте қауіпті. Өйткені тамақ ішіп отырған баланың жұтқыншағы ішкі ағзалармен байланысты. Телефон қарап отырып тамақ ішкен баланың жеген тамақтарын ми қабылдамайды. Әдетте адамның миы не жеп отырғанын, қалай жеу керегін бақылап, ағзаларға сигнал беріп отырады. Ал бұл жағдайда мидың ақпаратты қабылдау функциясы бұзылады. Ми тек планшетке қарап отыруды қабылдайды. Кейін бала планшетсіз тамақ жей алмай қалады. Цифрлы аутизммен ауыратын балалар смартфонға қарамаса тамақ жей алмайтын деңгейге жетеді, – дейді психолог Лимана Қойшиева.
Оның айтуынша, бала тамақ ішетін кезде планшетті іздесе, теледидар көріп отырып тамақ ішкісі келсе, ұйықтар алдында телефонды жиі пайдаланса, сырттағы адамдардың эмоцияларын түсінбесе, бұл – цифрлы аутизмнің белгілері. Бала планшет арқылы ғана әлемді қабылдайды. Сондықтан ата-аналар балаларымен шынайы өмірде қарым-қатынас жасай алмай қалады.
– Аутизмнің түрі көп. Цифрлы аутизм соңғы 10 жылдықта пайда болды. – Телефонға телмірген баланың миы, сөйлеу, ойлау қабілеттері тежеледі.
Бұл – неврологиялық дерт. Бала туғаннан кейін қалыптасқан ауру. Жыл өткен сайын аутизмнің бұл түрі белең алып барады. Мамандар да тапшы. Психологтер осы дертпен қалай жұмыс істеу керек екенін білмейді. Көп орталық цифрлы аутизмді емдейтін мамандар іздейді. Ал ондай мамандардың деңгейі төмен, барлығының қолданатыны бірдей технология. Ал осы дертке шалдыққан бір баламен жұмыс істеу арнайы орталықтарда айына 250 мың теңге тұрады, – дейді психолог.
Дәрігерлер дабыл қағады
Жақында француз дәрігерлері бір ай бойы гаджеттерден бас тартқан кейбір балалар аутизм белгілерінен айыққанын анықтады. АҚШ-тың Педиатрия академиясы екі жасқа толмаған балаларды гаджеттерге тіпті жолатпауға, одан үлкендерін екі сағатпен шектеуге нұсқау берді. Ресейлік психотерапевтер де виртуалды кеңістікте өмір сүретін балаларда «цифрлы аутизм» пайда болатынын анықтаған. Мұндай адамдар кәдімгі қарым-қатынастан біртіндеп қаша бастайды. Дертті асқындырмау үшін ата-аналардың өздері телефондарын тастап, балаларымен әңгімелесіп, ойнауы керек екен. Бір сөзбен айтқанда, көңіл бөлгені абзал. Балалар невропатологі Константин Пушкаревтың айтуынша, цифрлық аутизмнің дамуы сөйлеу қалыптасқаннан кейін басталады және ішекпен тікелей байланысты.
– Бұл дерттің пайда болғанына 10 жыл да болған жоқ. Ол мультимедиялық плазмалар, планшеттер мен телефондар пайда болған кезде дами бастады. Балалар қалыпты дамымаған кезде біз неврологтер неврологиялық кері кету деп атаймыз. Егер «классикалық» аутизмнің туа біткен алғышарттары болса, цифрлы аутизм өсе келе көрініс табады, – дейді Константин Пушкарев.
Цифрлы аутизмнің термині медицинаға әлі тіркелмегендіктен, сәйкесінше ресми диагнозы да жоқ. Бірақ сәбидің тілі тым кеш шығатын болса, атын атап шақырғанда естімегендей мәңгіріп отырса, балалармен тіл табысып ойнай алмаса, яки себепсіз ашулануы – осы кеселдің басы. Мұндай балалардың қандай да бір ойынға, іске деген қызығушылықтары да шектеулі болып келмек. Ол балаларға міндетті түрде невропатолог, логопед, дефектолог мамандардың көмегі қажет.
– Баланың тілі шықпай, ой-өрісі әлдеқайда артта қалса – бұл да цифрлы аутизмнің белгілеріне жатады. Аутизмді қарапайым тілмен түсіндірсек – ол ми қызметі дамуының бұзылуы. Ми деген дами беру керек, кейде деменцияға ұшырамау үшін үлкен адамның өзіне миыңызды дамыта беріңіз дейміз. Сол сияқты бір жастан асқан бала енді жан-жақты дамуға аяқ басар шағында біз планшет пен гаджет береміз де баланың өз қолымен ұстап, іздеп дамуына кедергі келтіреміз, – дейді невропатолог.
Жалпы, аутизмнің 98 түрі бар. Бірақ аутизм дәрі ішіп емделетін ауру емес. Цифрлы аутизмды да емдеудің нақты тәсілдері жоқ. Тек бұл дерттің алдын алуға болады. Мысалы, Еуропада цифрлы аутизмге шалдыққан баласымен ата-аналар тек смартфонда сөйлеседі. Гаджетте баласымен бірге түрлі ойын ойнап, жақындай түседі. Белгілі бір уақыт өткенде ғана виртуалды әлемнен оралып, балаларын сыртта футбол ойнауға шақырады. Бірақ баланың өмірінен смартфонның үлесін азайту көп еңбекті талап етеді.
Арнайы бағдарлама қабылдау керек
Бұл біздің қоғамның ғана емес, бүкіл әлемнің бас ауыртып отырған мәселесі. Айталық, сенаторлар жақында «цифрлы аутизм» мәселесіне алаңдап, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдады.
– 2022 жылы Алматыда 50 мың бала дүниеге келген. Солардың арасында шала туған нәрестелердің 400-ге жуығынан ретинопатия жағдайы – көздің тор қабығының дамымауы анықталған. Есту қабілеті бұзылған 44 сәби тіркелген. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарасақ, әрбір жаңа туған баланың 68-і аутикалық спектр ауытқушылығы бар, бұл көрсеткіш жылына 13 пайызға өсіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, аутизм – «ХХ ғасырдың обасы». Ал цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті, – дейді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.
Оның айтуынша, қазір дүниежүзінде, соның ішінде Қазақстанда «цифрлық аутизм» белгілері байқала бастаған. Яғни, смартфонды ұзақ ұстайтын балалар есте сақтау, көру, сөйлеу қабілетінен айырылып, өз бетінше ойлауы, ұзақ мәтіндерді қабылдауы, айналаға назар аударуы қиындады.
– Өйткені ата-ананың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Оқушы балалардың 40 пайызының өз аккаунты бар. Осының салдарынан балалар аулаға шығып ойнамайды, бұған онлайн оқу қосылды. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді. Кибермания сұмдық жылдамдықпен өрістеп жатыр. «Цифрлық тәуелділік» деген диагноз халықаралық аурулар классификациясына еніп отыр. Цифрлы аутизм, цифрлы ақыл-ес кемдігі, фейсбук-депрессия, цифрлы Альцгеймер, цифрлы теңіз ауруы ресми болмаса да тіркелді. Онлайн ойындарға тәуелділікті де осы қатарға жатқызуға болады, – деп дабыл қаққан еді депутат.
Осыған орай сенатор цифрлы аутизмнің алдын алу үшін Үкіметке бірнеше ұсыныс тастаған еді. Атап айтсақ, жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беру, логопед, офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейту, Қазақстан мектептеріне «Бабалар сөзі» 100 томдығына кірген қазақтың жыр-дастандары мен термелерін жаттатып үйретуді енгізу және киберманияның зияны туралы Қазақстан мектептері мен мектепке дейінгі дайындық мекемелерінде ата-аналар комитеті, ата-аналармен жұмыс істейтін түрлі қоғамдық ұйым қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру.
– Әрине, ғылым мен техника жетістіктері осы салада жатыр. Әйтсе де, компьютер мен смартфонға «басымен кіріп кеткен» жас ұрпақты сақтандыру амалы бар ма? «Касперский лабораториясы» ата-аналар бақылауы деген функция енгізді. Қауіпті контенттерді шектейтін амалдар бар. Жапония мен Франция, Қытай заңнамасы не дейді? Былтыр Жапонияда интернет пен бейне ойындарды күніне бір сағатқа шектеу туралы шешім шығарылған. Франция мемлекеті де бұл қауіптің алдын алу әрекетін жасауда. Қытайда киберкеңістік мәселелерін реттеу шаралары қолға алынған. Алайда тыйым салумен іс біте ме? – дейді сенатор.
Шынымен де, цифрлы аутизммен қазір күреспесек, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Бала бүлдіршін кезінде ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін өзі бақылай алмайды. Осылайша, смартфонға телмірген бала ойлаудан, қиялдаудан қалады. Ал ой-өрісі дұрыс дамымаған бала ертең қоғамға да пайдасын тигізбейтіні анық.
– Сондықтан бұл дертпен күресудің жолы – балаға телефон бермеу. Ата-аналар да үйге келгенде телефон ұстамауы керек. Өйткені цифрлы аутизм эпидемия сияқты тез таралады. Соңғы уақытта психологтер күй арқылы да балалардың цифрлы аутизмін емдеп жатыр, – дейді психолог Лимана Қойшиева.
Смартфоннан демалу – өнер
Ми адамның дене салмағының бар-жоғы 2 пайызын ғана құрайды. Бірақ барлық энергияның 20 пайызын жұмсайды. Балаларда бұл көрсеткіш 40 пайызға тең. Ал ас қорытуға небәрі 8-15 пайыз ғана энергия керек. Сонда күн сайын біздің миымыз кемі 500 ккалория жұмсайды. Алайда біз көбіне жұмыс барысында назарымызды көбірек телефонға бөлеміз. Кейде жұмыстан демалу үшін гаджет қараймыз. Бірақ ғалымдардың айтуынша, смартфонға қарағаннан адам демалмайды. Керісінше, ми смартфонға қараған сайын энергияны көбірек алады. Осылайша, мидың 80 пайыз жұмысы телефондағы пайдасыз ақпараттарға жұмсалады. Соңғы жылдары «сандық детоксикация» деген ұғым пайда болды. Яғни, адамдар цифрлық технологиялардан саналы түрде белгілі бір уақытқа бас тартады. Ағзаны зиянды, улы қалдықтардан құтылу үшін «детоксикация» жасалынатын болса, ми, ақыл-есті қажетсіз ақпараттардан арылту үшін де осы әдіске жүгінеді. Смартфоннан тәулік бойы бас алмайтын, телефоннан бір сәтке көз жазса мазасызданатын адамдар осы тәсіл арқылы шынайы өмірге орала алады. Қазір тіпті адамдардың «цифрлы тәуелділігіне» қарсы күресетін арнайы курстар да пайда болған.
Цифрлы аутизмді тек балалар бойында кездеседі десек қателесеміз. Егер сіз дастарқан басында телефонға қарап отырып тамақ ішетін болсаңыз, үнемі әлеуметтік желідегі жаңалықтардан құр қалғандай сезімде жүрсеңіз, бұл дерт сізде де бар.
Көктем ҚАРҚЫН